Jusan Bank-тің жарты жыл бұрын тағайындалған басшысы қызметінен кетті

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Jusan Bank-тің
Jusan Bank-тің басқарма төрағасы ауысты. Коллаж: kursiv.media

Jusan Bank-тің басқарма төрағасы ауысты. Арман Мангитовтың орнына төрағаның міндетін атқарушы болып Алан Жабаев тағайындалды. Алан Жабаев бұған дейін банктің қаржы директоры қызметін атқарған. Бұл туралы Қазақстан қор биржасының (KASE) хабарламасында айтылған.

Қазір банктің Басқарма құрамында Жабаевтан бөлек, Ольга Туманова, Шеддат Шерматов және Ермек Арғынов бар.

Алан Жабаев 2023 жылдың желтоқсан айының басында басқарма төрағасының орынбасары және қаржы директоры болды. Ол Алматы энергетика және байланыс институтын, 2010 жылы Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін тәмамдаған. 2016 жылы CFA (Chartered Financial Analyst) сертификатын алды. Бұған дейін Казкоммерцбанк, Қазақтелеком, АТФБанк және басқа да компанияларда жұмыс істеген.

Арман Мангитов 2023 жылдың тамыз айында Jusan Bank-тің меншік иесі ауысқаннан кейін басқарма басшысы болып тағайындалған. Былтыр жазда банк Ғалымжан Есеновтың иелігіне өтті. Оның банктегі үлесі 97,5%-ға дейін жеткен. Ол «First Heartland Securities» арқылы акциялардың 78% иеленсе, қалған бөлігі тікелей өзіне тиесілі.

Jusan Bank активтерінің көлемі бойынша елдегі ең ірі 6 банктің қатарына кіреді. Банктің өтімді активтері 2,8 трлн теңгеден асады. Қаржы ұйымының 2023 жылғы таза пайдасы 1,5 есе өсіп, 140,7 млрд теңгені құраған.

Бұл биылдыққа банктердегі алғашқы ауыс-түйіс емес. Ақпан айының соңында Bereke bank Ботагөз Әбішеваны директорлар кеңесінен шығарды. Оның орнына Вячеслав Сон тағайындалды.. Ол «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» АҚ құрылымдарында, сондай-ақ «Қазспецэкспорт» компаниясында басшылық қызмет атқарған.

Сондай-ақ оқыңыз