Қазақстандық сарбаздар қаржы ұйымдарына 6 млрд теңге қарыз
Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер қаржы ұйымдарына 6 миллиард теңгеден астам қарыз. Атап айтқанда олар екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарынан несие алған.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында ҚР Қарулы Күштері Бас штабы ұйымдастыру – жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбаев айтты.
Оның сөзінше, сарбаздардың 14500-ден астам несие берешегі бар. Олардың қарызы 6 млрд теңгені құрайды.
Орташа қарыз сомасы 400 мың теңге
Бұл әскерге шақырылғандардың әрқайсысында орта есеппен 400 мың теңгеден астам қарыз барын көрсетеді.
«Әскери міндеттілерге несиелік демалыс беру шаралары жүзеге асырылды. Қарулы күштер мен басқа да әскери құрылымдарда 14 500 әскери қызметкердің қарызы бар. Олар банктер мен микроқаржы ұйымдарынан 6 млрд теңге несие алған», – деді Фархат Айдарбаев.
6 мыңнан астам әскеридің қарызы кейінге шегерілді
Спикер бүгінге дейін 6 мыңнан астам әскери қызметкер төлемдерін кейінге шегергенін жеткізді. Бұл тұста қарыздың жалпы сомасы 2 млрд теңге.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін банктер әскерде мерзімді борышын атқарып жүрген сарбаздардың несиелерін тоқтататыны белгілі болды.
Келісім сарбаздарға қаржылық міндеттемелері бойынша ай сайынғы төлемдерін 13 айға кейінге қалдыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, қызмет өткеру кезеңінде кредиторлар берешекті өндіріп алу бойынша сотқа істер және нотариусқа өтініштер беруді тоқтатады. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлаған.
Әскерде сарбаздарға күштеп несие алғыза ма?
Кейін Қорғаныс министрлігі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Стамбековтың мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді кредит алуға мәжбүрлеу туралы пікіріне қатысты ресми түсініктеме берді.
Министрлік заң шығарушы билік өкілінің мәлімдемесін негізсіз санап, шындыққа жанаспайтынын айтқан. Қорғаныс министрлігі тарапынан керісінше жауынгерлерге несие төлеуге жеңілдік жасалып, әскери қызметте болған уақытта несие мерзімі тоқтатылатынын мәлім еткен.
Айта кету керек, былтыр көктемгі және күзгі әскерге шақыру науқанында 37 мыңнан астам азамат мерзімді борышын өтеуге аттанды. Оның 16 мыңы еліміздің Қарулы Күштеріне барған. Қалған 21 мыңы Ұлттық ұлан, Шекара қызметі, МКҚ мен ТЖМ бөлімдерін толықтырды.