Жаңалықтар

Инфляция: Қазақстанда такси ақысы қымбаттап, ұшақ билеті арзандады

Жылдық инфляция баяулап, 9,3%-ды құрады / Архив: kursiv.media

2024 жылғы ақпанда Қазақстан Республикасындағы жылдық инфляция баяулап, 9,3%-ды құрады. Қаңтарда көрсеткіш 9,5% болған. Бір айда инфляция үдеп, 1,1%-ды құрады. Өткен айда – 0,8% еді. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының ақпандағы есебінде жазылған.

Баға ақылы қызметтерге бір жылда 12,8% (2024 жылғы қаңтарда – 12,3%), азық-түлік емес тауарларға – 8,5% (2024 жылғы қаңтарда – 8,6%), азық-түлік тауарларға – 7,4% өсті (2024 жылғы қаңтарда – 8,2%).

Инфляция динамикасы қандай болды?

Өткен жылғы ақпанмен салыстырғанда тарифтер:

  • су бұруға – 33,9%;
  • орталықтан жылытуға – 30,9%;
  • суық суға – 30,8%;
  • қоқыс шығаруға – 30,7%;
  • ыстық суға – 29,4%;
  • электр энергиясына 19,9% өсті.

Баға кешенді демалыстарды ұйымдастыру қызметтеріне – 21,5% қымбаттады. Сондай-ақ санаторийлер қызметтеріне – 16%, денсаулық сақтау қызметтеріне – 13,9%, демалыс және спорттық іс-шаралар саласындағы қызметтерге – 13,3% өсті. Бұған қоса шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындары қызметтеріне – 13,1%, ұялы байланыс қызметтеріне 12,4% жоғарылады.

Ұшақ билеті арзандап, такси ақысы өсті

Таксимен жол жүру – 11,7%, қалалық автобуспен – 9,3%, жолаушылар теміржол көлігімен – 8,7%, қалааралық автобуспен 8,2% қымбаттады. Жолаушылар әуе көлігімен жол жүру 4% арзандады.

Баға деңгейі фармацевтикалық өнімдерге – 11,7%, жиһаз және үйге қажетті заттарға, киім және аяқ киімге – 11%-дан, жеке қолданылатын тауарларға – 10,9%, ыдысқа – 9,2%, құрылыс материалдарына 6,9% өсті. Дизель отыны – 14,5%, бензин – 13,6%, баллондағы сұйытылған газ 12,9% қымбаттады.

Азық-түлік бағасы

Бағасы өскен өнімдер:

  • күріш – 26%;
  • жұмыртқа – 18,3%;
  • жаңа жиналған жемістер – 17,2%;
  • минералды және ауыз су – 16,9%;
  • салқындатылған сусындар – 16,6%;
  • алкогольді ішімдіктер және темекі өнімдер – 14,4%;
  • жеміс және көкөніс шырындар – 12,5%;
  • сары май – 12,2%.

Сонымен қатар пастерленген сүт – 11,3%, консервіленген сүт – 11,2%, тоқаш және ұннан дайындалатын кондитер өнімдер – 11%, майлылығы 2,5% айран – 10,9%, макарон өнімдері және қамырдан жасалған өнімдер – 10,4%, балық және теңіз өнімдері 10,1% қымбаттады.

Ал пияз – 42,5%, қарақұмық жармасы – 24,3%, күнбағыс майы – 21,2%, құмшекер – 14,8%, картоп 12% арзандады.

Өңірлер бойынша көрсеткіш

Өңірлер бөлінісінде орташа республикалық деңгейден асатын көрсеткіш 10 өңірде қалыптасты. Олардың ішінен ең жоғары көрсеикіш Қарағанды (11,5%), Шығыс Қазақстан (10,2%) және Маңғыстау (10%) облыстарында.

Инфляцияның жылдық деңгейіне ең үлкен үлесті азық-түлік және алкогольсіз сусындар (2,8 пайыздық тармақ), тұрғын үй қызметтері (1,9 пайыздық тармақ), киім және аяқ киім (1 пайыздық тармақ) қосты.

Өткен жылда баға нан өнімдері мен жармаларға – 9,4%, ет және ет өнімдеріне 6,5% жоғарылады және инфляцияға тиісінше 0,6 және 0,8 пайыздық тармақ негізгі үлес қосты. Жылдық инфляцияға жұмыртқалар – 18,3%, алкоголсіз сусындар 10,7% қымбаттауы және 0,2 пайыздық тармақтан, сүт өнімдері (10%), жемістер мен көкөністер (6,2%) – 0,4 пайыздық тармақтан үлес қосты.

ТКШ қызметтері бір жылда 14,4% қымбаттады, ал олардың инфляцияға үлесі 1,9 пайыздық тармақты құрады. 2024 жылғы ақпанда орталықтан жылыту өткен жылғы ақпанмен салыстырғанда 30,9% жоғары болды және жылдық инфляцияға 0,3 пайыздық тармақ, электрэнергия (19,9%) – 0,4 пайыздық тармақ, тұрғын үй-жайларды жөндеу және қызмет көрсету бойынша қызметтер (7,9%), тұрғын үйді жалға алу (7,5%) – 0,2 пайыздық тармақтан үлес қосты.

Бір айда ақылы қызметтер бағасының деңгейі 1,7%, азық-түлік тауарларға – 0,8%, азық-түлік емес тауарларға – 0,7% өсті.

Қазақстандағы жылдық инфляция 2024 жылғы қаңтарда 9,5%-ды құраған. Ал желтоқсандағы көрсеткіш 9,8% болған. 

2023 жылғы ақпанда жылдық мәндегі инфляция деңгейі 21,3%-ды құраған еді. Ал наурызда Премьер-Министр Әлихан Смайылов 20 пайыздан асып кеткен инфлияцияны екі есе азайтуды тапсырған болатын.

Сол кезде қайта тағайындалған Үкімет басшысы орта мерзімді кезеңде экономика өсімін 5%-ға дейін жеткізіп, жыл аяғына дейін инфляцияны 2 есе төмендету – басты міндетіміз деген болатын.

Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов Сенат отырысында жылдық инфляция төмендеп, алдағы айларда бір таңбалы мәнге өтеді деп мәлімдеген.