Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады.
«Сіздерді Алғыс айту күнімен құттықтаймын! Бұл – береке-бірлігімізді бекемдей түсетін мереке. Осы күні еліміздің азаматтары бір-біріне ерекше ілтипат көрсетіп, ризашылығын білдіреді. Сондай-ақ татулық, ынтымақ, достық сынды қастерлі құндылықтар жан-жақты дәріптеледі. Мұның бәрі ұлтты ұйыстырудың ұтымды жолы екені сөзсіз»,- деді мемлекет басшысы.
Тоқаев елде ауқымды өзгерістер болып жатқанын, сол өзгерістерге ел болып бірлікте жетудің маңыздылығына тоқталған.
«Халқымыздың уақыт сынынан өткен жанашырлық, қамқорлық, мейірімділік сияқты асыл қасиеттері, әсіресе қиын-қыстау кездерде айқын көрінеді. Бүгінде мемлекетімізде ауқымды өзгерістер болып, Әділетті Қазақстанды құру жолында нақты қадамдар жасалып жатыр. Осындай сындарлы сәтте елдік мүддені бәрінен биік қойып, ырыс-ынтымағымызды сақтау өте маңызды. Біз озық ойлы ұлт ретінде көздеген барлық биік мақсаттарға қол жеткізетінімізге кәміл сенемін. Осы орайда тынымсыз тер төгіп, Қазақстанды көркейтуге өз үлесін қосып жүрген азаматтарға алғыс айтамын. Баршаңызға бақ-береке және мол игілік тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!»,- деген тілегін жеткізді президент.
Еске сала кетсек, өткен жылы да президент халықты аталмыш мерекемен құттықтап, ауызбірлікке шақырған болатын. Президент бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлер және еліміздегі ауқымды өзгерістер кезеңінде әрбір азаматтың ел болашағы үшін жауапкершілік танытуы және өзара қолдау көрсетуі аса маңызды екенін атап өткен.
«Бүгінгі мейрамда адал еңбегі, жасампаздығы мен отаншылдығы үшін барша халқымызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Біз еліміздің ауызбіршілігін сақтай білсек, кез келген қиындықты еңсереміз. Әділетті Қазақстанды құрып, елімізді одан әрі өркендете береміз деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!», – деген болатын мемлекет басшысы.
1 наурыз елімізде Алғыс айту күні ретінде атап өтіледі. 2016 жылы 14 қаңтарда ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1 наурызды – Алғыс айту күні деп жариялау туралы жарлыққа қол қойған.