Қарыз алушының берешегін реттеуге тырыспаған банктер жазалануға тиіс – ҚНРДА
Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов банктерді қарыз алушының берешекті реттеу туралы өтініштерін қарамай қойған жағдайда жазалауды ұсынды. Бұл туралы ол парламентте жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңға енгізілген өзгерістерді талқылау кезінде айтты.
ҚНДРА төрағасының бірінші орынбасары банктер мен микроқаржы ұйымдарына қойылатын талаптарды күшейту қажет деп санайды. Бұл жұмысты реттеу үшін арнайы азаматтардың берешекті өтеу туралы өтініштерін қарайтын жеке қызмет құру керек деп санайды.
«Сонымен қатар азаматтардың өтініштерін қарайтын бөлімшеге жетекшілік ететін банк төрағасына немесе оның орынбасарының уәкілетті қызметкерінің біріне жауапкершілік жүктеу керек. Несие алушы есеп айырысу үшін несие мекемесіне қайта-қайта, үш реттен артық жүгінген болса және ісі сапалы қаралмаса немесе мәселесі шешім таппаса, бас қызметкерді қызметінен босатуды қоса алғанда, жауапкершілікті енгізуді ұсынамыз»,– деді Нұрлан Әбдірахманов.
ҚНРДА кредиторлар 30 күнтізбелік күн ішінде қарызды реттеу мәселесін шешуі керек деп санайды. Олар осы мерзім ішінде қарыз мәселесін шешуге келісім беруі керек немесе бас тарту туралы түпкілікті шешім қабылдауы керек. Банктердің бұл процесті бірнеше апта немесе айға ұзартпағаны абзал. Өйткені осындай мәселемен агенттікке 60 мыңға жуық өтініш түскен. Олар лайықты деңгейде қаралмағаны себепті агенттік 190 млн теңгеге жуық айыппұл салған.
«Өткен жылы агенттікке 60 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Оның 64 пайызы қарызды реттеуге қатысты. Олардың барлығына тексеру жүргізіп, 190 млн теңгеге жуық сомаға 161 әкімшілік жаза қолдандық. Қарыз алушылардың несиелік мекемелерден тиісті шешімдер алмағаны анықталды. Көптеген өтініш бірнеше рет берілген. Бірақ ол өтініштер қабылданбаған. Сол себепті азаматтардың несиені қайта құрылымдау үшін кредиторларға жүгінуінің өмірлік жағдайлары мен басқа да негіздерінің тізімін анықтауды ұсынамыз. Яғни бұл пандемия, компанияның қызметін тоқтатуы, ауру немесе мүгедектік сияқты жағдайлар болуы мүмкін», – дейді агенттік өкілі.
Қанша қарыз алушының несиесі реттелді?
Әбдірахаманов агенттіктің араласуымен өткен жылы 815 мың қарыз алушының несиесі қайта құрылымдалғанын айтты. Осы орайда агенттік несие берушілерге тұтынушылық несиелер бойынша проблемалық қарыз алушылар санын азайтуға жеке жоспар әзірлеуді тапсырған. Жоспарға сәйкес, осы жылдың соңына дейін 1,5 млн қарыз алушының 282 млрд теңгеге жуық қарызы қамтылады.
Сонымен қатар, ҚНРДА өкілі банкроттық туралы өтініштерді цифрлық форматта беруге рұқсат беруді және қарыз алушының несиесі реттелгенін растайтын бірыңғай құжат енгізуді ұсынды.
Еске сала кетсек, күзде ҚНРДА ірі сомада тұтынушылық кредит беруге шектеу қоюды ұсынды. Агенттік басшысы Мәдина Әбілқасымова азаматтардың борыш жүктемесінің шамадан тыс өсуін шектеу және тұтынушылық кредит берудегі тәуекелдерді барынша азайту үшін агенттік кешенді іс-шараларды жүзеге асырып жатқанын айтты. Ол бірінші кезекте басымдық – банктер мен микроқаржы ұйымдары тарапынан тұтынушылық кредиттерді шамадан тыс беруді шектеу мәселесіне берілетінін атап өтті. Кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша орташа борыш жыл басынан бері 913 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін өскенін айтқан. Тұтынушылық кредиттердің шамадан тыс өсуін азайту үшін Агенттік тұтынушылық кредиттің ең жоғары сомасына заңнамалық деңгейде шектеу енгізуді ұсынатынын жеткізді. Бұдан басқа ірі сомадағы тұтынушылық қарыздарды беруді шектеу үшін тәуекел-саралаудың жоғары коэффициенттері белгіленетін болады