«Республикалық спорт колледжі» кәсіби спорт кадрларын даярлау жөніндегі республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны студенттерге сапасы сын көтермейтін спорттық киім-кешек жинағын аса қымбат бағаға сатып алған. Бұл жайлы телеграмдағы пабликтердің бірінде ақпарат тарады. «Курсив» редакциясы бұл ақпаратты тексеріп көрді.
Журналист өз парақшасында видеролик жариялаған. Онда баласына берілген спорттық киім жиынтығын видеоға түсірген ата-ана киімдердің сапасына тоқталып, футболканың толық полиэстерден тігілгенін айтады. Ал жалпы жиынтық сомасы 157 мыңды құраған. Әр затқа жеке-жеке тоқталған ол колледждің бір сөмкені 29 мың теңгеге сатып алғанын атап өтеді.
Мемлекеттік сатып алу порталынан колледждің бұл заттарды расында қандай бағада сатып алғанын тексеріп көрдік. Колледж «BISNESSMAN» ЖШС-мен тікелей шарт жасай отырып заттарды бір дереккөзден сатып алған. Компания колледждің екі тапсырысын орындаған. Компания бірінші тапсырысты 38 791 339.45 теңгеге орындаған, екінші тапсырыс құны – 38 129 657.83 теңгені құраған.
Бірінші тапсырыс бойынша екі зат алынған. Сөмке мен күртеше (куртка). Мұндағы сөмке-дорба бағасы бір дана үшін – 29 000 теңге деп көрсетілген, жалпы сомасы – 14 065 001.55 теңге болған. Ал күртеше бағасы бір данасы үшін – 50 982.14 теңге, жалпы сомасы – 24 726 337.90 теңге болған. Әрқайсысынан 485 дана сатып алынған.
Екінші тапсырыс бойынша костюм мен футболка алынған. Костюм құны – 52 080 теңге, жалпы сомасы – 25 258 800 теңгеге шыққан. Ал «полиэстерден» тігілген футболка расымен де өте қымбатқа алынған. Оның бағасы – 26 537.85 теңге. Колледж оның 485 данасына – 12 870 857.83 теңге жұмсаған.
«BISNESSMAN» иесі кім?
Телеграм арналардың хабарлауынша тендерді ұтып алған «BISNESSMAN» ЖШС 21 жастағы Оқшы Еркеғали Рахматуллаұлына тиесілі. Ақпарат құралдарындағы дерек бойынша, ол «Мирас» университетінің экономика, құқық және ақпараттық технологиялар факультетінде оқиды.
Серіктестік Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Жоламан ауылында 2023 жылы 1-наурызда тіркелген. Ол көрсететін қызмет түрін «басқа да топтамаларға енгізілмеген өзге де жеке көрсетілетін қызметтерді ұсыну», деп көрсетеді.
Adata.kz мәліметінде Алматыда «BISNESSMAN» ЖШС мектеп және мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен белсенді жұмыс істеген. Компания жалюзи жасау мен орнатудан бастап майлық сатып алуға дейін 121 млн теңгені құрайтын 13 келісім-шарт жасасқан.