Жаңалықтар

Жолаушының денсаулығы күрт нашарлаған: Орал бағытында ұшқан Air Astana әуе кемесі жарты жолдан Алматыға қайтты

Air Astana әуе компаниясының ұшағы жолаушы денсаулығына байланысты Алматыға кері қайтуға мәжбүр болған / Фото: shutterstock

Flightradar24 сайтының мәліметі бойынша, Air Astana әуе компаниясының KC881 рейсі Алматыдан Оралға ұшып, бірақ қалаға жетпестен кері қайтып, Алматыға қонған.

Әуе кемесінің неге кері қайтқанын Air Astana әуекомпаниясының баспасөз қызметі түсіндірді. Олардың мәлімдеуінше Алматы-Орал бағытындағы ұшақта жолаушының жағдайы күрт нашарлаған. Сол себепті әуе кемесінің командирі Алматыға қайту туралы туралы шешім қабылдаған.

«Алматы-Орал КС 881 рейсін бүгін орындаған Air Astana авиакомпаниясының ұшағы жолаушының жағдайының нашарлауына байланысты Алматыға қайтып келді. Әуе кемесінің командирі дәрігерлерді Алматы әуежайына шақырды. Ұшақ сағат 15:10-да штаттық режимде қонды. Науқас жолаушы жедел медициналық жәрдем қызметкерлеріне берілді. Оралға ұшудың күтілетін уақыты сағат 16.00-де», – делінген компания хабарламасында.

Еске сала кетсек, 8 ақпанда боранға байланысты «Эйр Астана» әуе компаниясының Алматы – Астана бағыты бойынша шыққан KC 851 рейсі Астана әужайына қона алмай, Алматыға қайта оралған болатын.

Ол күні боранға байланысты елорда әуежайында жоспарланған 72 рейс ұшпай қалды. Оның ішінде ұшатын 7 рейс, қонатын 8 рейс тоқтатылған. Сонымен қатар, ұшуы тиіс 6 рейс, ал ұшып келуі тиіс 12 рейс кешіктірілген. Бұл кідірістер мен тоқтатулар қолайсыз метеожағдайлармен және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тоқтаған болатын.

Ал 7 ақпанда Ақтөбе әуежайында ауа райының қолайсыздығына байланысты рейстер тоқтап кейінге шегерілген болатын.