31 кәсіпорын жұмысшыларға 700 млн теңге жалақы төлемеген
31 кәсіпорын 1,6 мың жұмысшыға 700 млн теңге жалақы төлемеген. Бұл жайлы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысында айтылды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары Ақмәди Сарбасов былтыр инспекторлардың 7 мыңға жуық тексеру жұмыстарын жүргізгенін, анықталған олқылықтарды жою бойынша 4 мыңнан аса нұсқама берілгенін айтты. Сонымен бірге 400 млн теңгеден астам сомаға 2 400 айыппұл салынған.
«Бүгінде 31 кәсіпорынның 1,6 мың жұмысшы алдында берешегі бар. Жалпы сомасы 700 млн теңгеге жуықтайды. Олардың ең көбі Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары мен Алматы қаласында анықталған. Одан бөлек банкрот деп танылған 44 нысанның 913 млн теңге қарызы бар», – дейді Сарбасов.
Сонымен бірге жиында елдегі кәсіпорындарда 106 адам жарақат алғаны айтылды. Осыған орай Дүйсенова мүдделі мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктеріне жұмыс орындарындағы жағдайға бақылауды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ жарақат алу оқиғаларының алдын алу бойынша кәсіпорындарға шаралар қабылдау міндеттеледі.
Вице-премьер еңбек даулары мен жұмыс берушілердің отандық жұмысшыларға шетелдік жұмысшылармен тең жағдай жасау мәселесін көтерді. Ол еңбекақы төлеуге байланысты талаптарды сақтауды бақылау қажеттігіне тоқталды.
«Еңбек дауларын шешуде салдарымен емес, себебімен күрескен жөн. Бұл ретте жұмыс берушілер мен кәсіподақ бірлестіктері іске ат салысуы керек. Кез келген мәселеде ортақ шешімге келуге болады. Ол үшін ниет болуы керек. Сондықтан салалық ұйымдарды елдегі еңбек мәселелеріне бей-жай қарамай, шешуге араласуға шақырамын», – деді атап өтті Дүйсенова.
Жалпы жыл басынан бері министрліктің ахуал орталығында 106 кәсіпорын мониторингте болған. Олардың жартысына жуығында еңбек даулары шешімін тауып, бақылауда 62-сі қалған.
Ондай кәсіпорындардың әрбір үшіншісі – Маңғыстау облысында орналасқан екен. Республикалық кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин мұндай жағдайлар көбіне кәсіподағы жоқ мекемелерде жиі кездесетінін мәлімдеді.
2023 жылы кәсіпорындар жұмысшыларға 6,3 млрд теңге қарыз болған
Еске сала кетсек, күзде Қазақстанда еңбек инспекторлары жалақы төлемеген жұмыс берушілерге 1224 ұйғарым беріп, 170 млн теңгеден астам сомада айыппұл салғаны туралы Еңбек және халықты әлеуметтік комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов айтқан болатын.
2023 жылы 940 кәсіпорын 24 мың қызметкерге 6,3 млрд теңгеден астам қарыз екені анықталған. Арнайы комиссияның жұмысынан кейін 22 мыңнан астам қызметкердің құқықтары қорғалған. Ұйымдардан 5,4 млрд теңге өндіріліп алынған. Ал 1 900 қызметкер 34 кәсіпорынан 910 млн теңге қарызын ала алмаған.
«8936 еңбек бұзылысын анықтадық. Оның 6600-і еңбек саласына, 2094-і еңбек қауіпсіздігіне, 242-сі жұмыспен қамтуға қатысты болды. Жұмыс берушілерге 3741 ұйғарым беріліп, 400 млн теңге көлемінде 2 мыңнан астам әкімшілік айыппұл салынды. 799 істі құқық қорғау органдарына тапсырдық, оның 114 бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деді Оспанқұлов.
Оспанқұловтың сөзіне сүйенсек, 2023 жылы республика бойынша 15 кәсіпорында ереуіл болған. Қызметкерлердің жалақыны көтеру, «Қазмұнайгаз» еншілес және тәуелді ұйымдарының штатын ауыстыру, сыйақы төлеу, еңбек жағдайын жақсарту және жалақыны индекстеуді талап еткен.
Комитет ереуілге көбіне мұнай-газ, металлургия, тау кен және коммуналдық кәсіпорын ұйымдары мен оларға қызмет көрсетуге байланысты сала жұмыскерлері шығатынын айтты. Бұл ереуілдер Қазақстан заңын сақтамай, стихиялы түрде болғандықтан, оларды заңсыз деп тану туралы 5 сот шешімі шыққан.