Ұлттық қор балаларға: БЖЗҚ-дан түсетін жинақ төлемдерін тұрғын үй алуға жұмсау ережелері бекітілді
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі БЖЗҚ-дан түсетін мақсатты жинақ төлемдерін тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану қағидаларын бекітті. Бұл жайлы министрлік сайтында жазылған.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан түсетін мақсатты жинақ төлемдерін пайдалану қағидаларын әзірлеп бекітті. Бұл ережелерге сәйкес, 18 жасқа толған жастар өздерінің өмір сүру жағдайларын жақсарту үшін жинақталған қаражатты пайдалану мүмкіндігіне ие болады», – делінген министрлік хабарламасында.
Министрліктің хабарлауынша жинақталған қаражатты азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша түпкілікті есеп айырысуға, ипотекалық несиелер бойынша бастапқы жарна төлеуге, тұрғын үй құрылыс жинақ салымдарын толықтыруға бағыттауға болады.
Сонымен қатар жаңа қағидаларға сәйкес мақсатты жинақтарды толықтыру үшін жақын туыстары мен жұбайларының салымдарын бөлу мүмкіндігі қарастырылған. Бірақ үйді жұбайынан немесе жақын туыстарынан сатып алуға жол берілмейді.
Жақын туыстарының немесе ерлі-зайыптылардың салымдарын беру келесідей жағдайда жүзеге асырылады:
- тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы алынған ипотекалық несие бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеу;
- ислам банкінің қаржыландыру бөлігі ретінде тұрғын үй сатып алу, ислам банкінің тұрғын үй сатып алу операциясын қаржыландыру бөлігі ретінде қарызды ішінара немесе толық өтеу;
- тұрғын үй құрылысы немесе дағдарысқа қарсы бағдарламалар, жекешелендіру, бөліп төлеу арқылы сатып алу-сату шеңберінде берілген сатып алу құқығымен тұрғын үйді ұзақ мерзімді жалдау шарттары бойынша төлемдер;
- жеке тұрғын үй құрылысы (белгіленген нысаналы жер учаскесі болған жағдайда – жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық).
Қаражатты пайдалану он жылға ғана беріледі. Осы уақыт аралығында пайдаланылмаса, қайтадан зейнетақы шотына жіберіледі.
«Екінші деңгейдегі банктер мен Ұлттық пошта операторы ақша қаражатын енгізу үшін банк шоттарын ашады және жүргізеді. Сондай-ақ қаражатты пайдалану он жылдық мерзіммен шектелген. Осы кезеңнен кейін пайдаланылмаған қаражат жеке зейнетақы шотына жіберіледі», – делінген министрлік хабарламасында.
Еске сала кетсек, Ұлттық қордан әр баланың шотына алғашқы жарнасы 1 ақпанда түскен.
«Ұлттық қор-балаларға» бағдарламасы бойынша БЖЗҚ-ға алғашқы нысаналы талаптар есептелініп, нысаналы жинақтау шоттарына алғашқы нысаналы жинақтар түсті», – деп хабарлады БЖЗҚ баспасөз қызметі.
Бағдарламаға қатысушылардың жалпы саны – 6 919 131 бала. Бұл тізімде 01.01.2006 жыл мен 31.12.2023 жыл аралығында туған барлық бала бар. Оның ішінде 304 815 қатысушы 2024 жылы 18 жасқа толады. Олар бұл қаражатты осы жылы алады.
«18 жасқа 2024 жылы толатын балаларға аталған сома олардың БЖЗҚ-да автоматты түрде ашылған нысаналы жинақтау шоттарына түсті. Бағдарламаның бұл қатысушылары өздерінің нысаналы жинақтарын тұрғын үйге немесе білім алуға кәмелетке толғаннан кейін бірден пайдалануға құқылы болады», – делінген хабарламада.