Әлемде алтын бағасы екі айдың ішінде ең жоғары деңгейге көтерілді
Чикаго тауар биржасында (CME) алтын келісімшартының құны 1,93%-ға өсті. Бағалы металл өзінің «құнды» болуының арқасында бір унция үшін 2094,3 долларға жетті. Бұл соңғы екі айдағы ең жоғары деңгей. Дәл осы бағамен алтын 2023 жылдың 28 желтоқсан айында сатылған еді. Бұл туралы РБК сайты хабарлады.
TD Securities-тің жетекшісі Барт Мелектің айтуынша, орталық банктердің барлығы алтынды белсенді сатып алуды қолдайды. Сондықтан алтын құны одан әрі өсе түседі. Өйткені Барт Мелек ФРЖ-ның жылдың ортасына қарай ақша-несие саясатын жеңілдететініне сенімді.
«Үш-төрт айдан кейін, егер біз нашар экономикалық деректерді көрсек және нарық ФРЖ ставкаларды төмендетуге дайын екеніне сенімді болса, алтын бағасы рекордқа жетеді», – деді ол.
Bloomberg ақпаратына сүйенсек, екі айдағы ең жоғарғы деңгейге қол жеткізуге АҚШ-тың өндірістік секторының көрсеткіштері де ықпал еткен.
Алтынға деген қызығушылық
Шығыс Еуропа мен Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайлар алтынға деген қызығушылықты азайтқан жоқ, деп есептейді ING. 2023 жылдың желтоқсанында баға ең жоғары деңгейге көтерілді. CME биржасында қаңтар айындағы алтын фьючерстерінің құны бір унция үшін 2152,3 долларға жетті.
Алтын тұрақсыздық кезінде де сұранысқа ие. Соңғы екі жылда оған деген сұраныс артпаса кеміген емес. ING бұл жағдай биылғы жылы геосаяси шиеленіс пен экономиканың қазіргі жағдайы аясында да сақталуы мүмкін деп санайды. ING болжамы бойынша, егер ФРЖ жылдың екінші тоқсанында мөлшерлемені төмендетіп, доллар әлсірейтін болса, алтын бағасы 2024 жылы орташа есеппен бір унция үшін 2081 доллар болады.
Айта кетейік, Ұлттық банк 2023 жылы алтын сатудан әлемдік рекорд орнатты.
2023 жылы Қазақстанның Ұлттық банкі алтын сатуда әлемдік көшбасшыға айналған. Былтыр бас банк 57,43 тонна алтын сатып, халықаралық резервтегі алтын көлемін қысқартты. Өзге елдердің Орталық банктері, керісінше, алтын сатып алуды арттырған.
Әлемдік сұраныстың артуы және алтын бағасының қымбаттауы аясында ҰБ халықаралық резервіндегі алтын үлесі 54,2%-ды құрады. Бұл ҰБ-ның 50-55 пайыз деңгейіндегі жоспарына сай келеді.
Есесіне дамушы елдердің орталық банктері алтын сатып алуда соңғы 20 жылдағы рекордты орнатқан.