«Майқайыңалтын» кеніші қайта іске қосылды

Жарияланды
«Майқайыңалтын» кеніші қайта іске қосылды/Фото: ҚР ТЖМ

Павлодар облысында «Майқайыңалтын» АҚ кәсіпорнының байыту фабрикасы жұмысты қайта бастады. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Ал кен орнында жұмысты тоқтатуға қордағы алтын рудасының таусылғаны себеп болған еді.

Ақпаратқа сәйкес, акционерлік қоғамның бас директоры Қуаныш Ботин 750 адам жұмысқа шыққаны туралы ақпаратты растады.

«1 наурызда қызметкерлерді жұмыспен қамту және толыққанды ақылы жұмыс кестесіне көшу мақсатында «Майқайыңалтын» АҚ кен өңдеу фабрикасы өзінің өндірістік қызметін қайта бастады. Бұл ретте кеніштің өзінде кен өндіру жұмыстары қайта басталмағанын атап өту қажет. Өйткені тау-кен бұру аумағында арнайы комиссия анықтаған ескертулер түзетілуде. Қайта өңдеуге арналған шикізат өңір мен елдің басқа кен орындарынан жеткізіле бастады» ,  – деп хабарлады Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Қазіргі кезде байыту фабрикасына қажетті шикізат 100 шақырым жерден тасылып жатыр.

Сондай-ақ 150-ден астам жұмысшы әзірше мәжбүрлі демалыста қала береді.

Осыған дейін «Майқайыңалтын» кеніші жұмысын тоқтататыны айтылған.

«Майқайыңалтын» жұмыс берушісінің түсіндірмесіне сәйкес, қазіргі уақытта зауыт жұмысын тоқтату үшін дайындық шаралары жүріп жатыр. Жұмысты тоқтату кезеңі 22-23 ақпанға жоспарланып отыр. Бұл ретте зауыт қызметкерлеріне жалақының 50%-ы төленетін болады. Қызметкерлерді толық жұмыстан шығару қарастырылмайды. 2024 жылдың 1 сәуірінен бастап кәсіпорын жұмысын қайта бастауды жоспарлап отыр.

Еске сала кетсек, кеніште санитариялық-қорғау аймағында 300-ден аса ғимаратқа қатысты прокуратура әкімдік шешімін тексеріп жатқанын жазған болатынбыз.

Бас прокуратура «Майқайыңалтын» кенішінің санитариялық-қорғау аймағында орналасқан 206 учаскеге ғимарат салуға рұқсат берген әкімдік шешімінің заңдылығын тексеріп жатыр. Бұл жайлы Бас прокуратураның депутаттардың сауалына берген жауабында айтылған.

Айта кетейік, «Майқайыңалтын» кенішіндегі апат 4 қаңтарда болды. Павлодар облысы Баянауыл ауданында «Майқайыңалтын» АҚ шахтасына құтқарушылар мінген автобус құлап кетті.

Кейін «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» ТЖД құтқарушылары құмнан 2 адамның мәйіті табылғанын  жариялаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз