Жаңалықтар

Танымал саясаткер, журналист Сейдахмет Құттықадам өмірден озды. Президент оның отбасына көңіл айтты

Сейдахмет Құттықадам өмірден озды/Фото:Instagram.com/madi_manatbek

Танымал саясаткер, журналист Сейдахмет Құттықадам 78 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Қоғам қайраткері ұзаққа созылған аурудың салдарынан көз жұмды.

Сейдахмет Құттықадам Түркістан қаласында дүниеге келген. 1991 жылдан бастап кәсіби журналистикамен айналысып келді. «Арай» журналы, «Время-дәуір» және «Дәуір» газеттері, «Мысль» журналы сияқты республикалық басылымдардың бас редакторы болды.

Мемлекет басшысы оның отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады

Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі журналист, ғалым, қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадамның дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.

«Сейдахмет Рысқожаұлы ұзақ жылдар ұлттық ғылымның, отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосып, ұлағатты ұрпақ тәрбиеледі. Айналасына сыйлы азаматтық болмысымен баршаның зор құрметіне бөленген Сейдахмет Рысқожаұлының жарқын бейнесі оны білетін жұртшылықтың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын» – деп жазылған жеделхатта.

Өмірбаянына тоқтала кетсек

Сейдахмет Құттықадам 1946 жылы 9 мамырда Түркістан қаласында дүниеге келген. Бірқатар республикалық газет-журналдың бас редакторы қызметін атқарған. Жетекші республикалық газет-журналдарда 500-ден астам жарияланымы бар. Техника ғылымының кандидаты, доцент, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. «Вызов времени», «Миражи и реалии», «Елге қызмет ету» (2009), «Қазақ драмасы» (2010) кітаптарының авторы.

  • 1969-1975 жылдары – Қазақстан Ғылым академиясының Мұнай химиясы және табиғи тұздар институтының инженері, кіші ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі;
  • 1975-1976 жылдары – Қазақ ғылыми-зерттеу және мемлекеттік фосфор өнеркәсібін жобалау институтының аға ғылыми қызметкері;
  • 1976-1978 жылдары – Қазақ химия-технология институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, оқытушысы;
  • 1978-1986 жылдары – Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының сырттай оқу факультетінің аға оқытушысы, доценті, деканы;
  • 1986-1991 жылдары – Арқалық педагогикалық институтының химия және биология кафедрасының меңгерушісі;
  • 1991 жылы – «Арай-Заря» журналы бас редакторының орынбасары;
  • 1991-1993 жылдары – экспорттық-талдау қызметі бас басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасының Баспа және бұқаралық ақпарат министрінің орынбасары;
  • 1993-1994 жылдары – «Дәyip-Время» газетінің бас редакторы;
  • 1994-1995 жылдары – «Арай-Заря» журналының бас редакторы;
  • 1995-1999 жылдары – «Аргументы и факты Казахстан» газетінің шолушысы;
  • 1999 жылдың қаңтарынан «Өрлеу» қоғамдық қозғалысының төрағасы;
  • 2002-2003 жылдары – «Эпоха» газетінің бас редакторы;
  • 2004-2005 жылдары «Начнем с понедельника» газетінің шолушысы қызметтерін атқарған.
  • 2006 жылдың қаңтар айынан бастап «Мысль» журналының бас редакторы болды.

Еске сала кетейік, осыдан бір ай бұрын Қазақстандық тележүргізуші Владимир Рерих қайтыс болғаның хабарлаған едік.