Алматыдағы жер сілкінісі: қала тұрғындарының үйлерінде түнеуі қауіпсіз бе?
Алматыдағы жер сілкінісі кезінде бір адам зардап шекті. Бұл туралы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұран Атығаев арнайы брифингте айтты.
«Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бір зардап шегуші хабарласқан. Оның тобығы жарақаттанған», – деп хабарлады басқарма басшысы.
Жер сілкінісінен 18 жастағы алматылық зардап шекті
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұл деректі растады.
«18 жастағы қала тұрғынына Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында барлық қажетті көмек көрсетілген. Диагнозы: оң табан буыны мен табанның соғылуы. Науқас тұрғылықты жері бойынша емханаға амбулаторлық емделуге жіберілді», – деп хабарлады Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Үйде түнеу қауіпсіз бе?
Бұл сұраққа да Нұрлан Атығаев жауап берді. Оный айтуынша, жер сілкінісінен кейін азаматтардың өз үйлерінде түнеуіне еш қауіп жоқ.
«Тұрғындарға қабылдау пунктерінен үйлеріне қайтуға кеңес берілді», – деп хабарлады басқарма басшысы.
Сонымен қатар Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар және зерттеулер ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев та осындай пікірімен бөлісті.
«Сіздер жер сілкінісі қаупі бар аймақта тұратынымызды және жер сілкінісі үнемі болып тұратынын түсінуіңіз керек. Өз басым ешқайда қашпай, үйде түнеуді жоспарлап отырмын», – деді орталық директоры.
Алматы метрополитені сағат 16:30-дан бастап жұмысын жалғастырды
ТЖ кезіндегі жұмыс Жоспарына сәйкес қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мамандар метро тоннельдерін тексеру жұмыстарын жүргізді. Метро аумағында ешқандай зақым байқалған жоқ. Алматы қалалық метрополитені баспасөз қызметінің хабарлауынша, мегаполис метрополитені сағат 16:30-дан бастап жұмысын жалғастырды.
Жер сілкінісі хронолигиясы
Еске сала кетсек, 4 наурызда сағат 11:22-де Алматыда магнитудасы 5 да жер сілкінісі болды. Кейін дүмпулер қайталанды. Зілзала ошағы Алматыдан оңтүстікке қарай 31 шақырым жерде, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында. Онда дүмпу магнитудасы 6,1 балл болған.
Президент Алматыдағы жер сілкінісіне қатысты Төтенше жағдайлар министріне арнайы тапсырма берді. Шаһардың энергетикалық кешені қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.
Алматы халықаралық әуежайының жұмысы шектелген жоқ
Сондай-ақ Алматы халықаралық әуежайы жер сілкінісінен кейін әуежайдың барлық қызметі қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Ұшу-қону жолағы мен перрон тексеріліп, ешқандай зақым табылмады.
Мектептер мен колледждерде сабақтар болмады
Алматы мектептері мен колледждерінде екінші ауысымдағы сабақтар болмайды. Мегаполис тұрғындары 16.00-ге дейін халық жиналатын орындарда болу керек.
Жер сілкінісіне байланысты қала әкімі Ерболат Досаев сағат 11:40-тан бастап жедел штабта жұмыс істеп, алдағы іс-шаралар жоспары талқыланды.
Қаланың барлық тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері қосылған.
- Қалалық полиция бөлімі әдеттегідей жұмыс істеп жатыр.
- Барлық мектептер мен балабақшалар ашылды, қоғамдық қабылдау пункттері жұмыс істейді.
- Қаладағы жедел медициналық жәрдем қызметі мен барлық көпсалалы ауруханалар, соның ішінде мамандандырылған ауруханалар, балалар ауруханалары, босану ұйымдары күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
Алматыда бұған дейін 5 балдық жер сілкінісі 23 қаңтарда болған. ҚР ТЖМ «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісін тіркеді. Одан кейін 67 адам медициналық көмекке жүгінген, сегіз адам ауруханаға жатқызылған. Олардың үшеуі 2-3 қабаттан секіріп жарақат алған.