Қазіргі уақытта Қазақстан мен Ресей бизнес субъектілері құны 26,5 млрд доллар болатын 135 жобаны іске асырып жатыр. Сонымен қатар жалпы құны 14 млрд долларды құрайтын қосымша 67 бірлескен жоба пысықталуда. Бұл жобалар негізінен экономиканың негізгі салаларында, атап айтқанда, машина жасау, металлургия және химия өнеркәсібінде жүзеге асырылмақ. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Ресейге жұмыс сапары барысында РФ Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылаған.
«Тараптар сауда және инвестиция, өнеркәсіп кооперациясы, энергетика, ауыл шаруашылығы, азаматтық авиация, сондай-ақ транзиттік-көлік салаларындағы бірлескен іс-қимылдарды айқындады. Сонымен қатар мәдени-ағарту саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды», – делінген хабарламада.,
ҚР Премьер-Министрі өнеркәсіп кооперациясын нығайту және сауда-саттықтағы өзара іс-қимылын дамытудың оң қарқынын атап өткен.
«Елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар және мәдени ынтымақтастықтың барлық спектрі бойынша жемісті дамып келеді. Маңызды бағыт – өнеркәсіп кооперациясы. Ол қазірдің өзінде өзара табысты екіжақты іс-қимылдың нақты көрінісіне айналып отыр. Екі ел үкіметтері елдеріміздің көшбасшылары қол жеткізген барлық уағдаластықтарды іске асыру үшін бар күш-жігерін салады», — деді Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов.
Сонымен қатар ҚР Үкіметінің басшысы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасындағы өткізу бекеттерін жаңғырту жұмыстарын жеделдету және үйлестіру қажеттігін атап өткен.
Қазақстан-Ресей шекарасында 30 өткізу бекетінің 29-ы 2027 жылға дейін күрделі жөндеуден өтеді. Ол транзитті жеңілдету және жалпы шекара бойында өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік бермек, Сондай-ақ «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық дәлізінің әлеуетін кеңейтуге, «Қазақстан – Түркіменстан – Иран» теміржол учаскесін қарқынды пайдалана отырып, көлік артериясын дамытуға баса назар аударылды.