Жаңалықтар

«Қазгидромет» 2024 жылы су тасқыны ең көп болатын аймақтар тізімін жариялады

су тасқыны
2024 жылы су тасқыны қай аймақтарда көп болады?/Фото: Sarinform.ru

«NASA» спутниктерінің жерді қашықтан зондтау суреттері бойынша 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша, еліміздің 72%-і қар жамылған. «Қазгидромет» елімізде көктемде су тасуы мүмкін аймақтарды алдын ала бағалады:

Қатер жоғары өңірлер: Абай, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Жетісу облыстары.

Қатер орташа аймақтар: Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Түркістан және Ұлытау облыстары.

Қатер төмен өңір: Маңғыстау облысы.

Қазіргі уақытта елімізде әлі қар жауып жатыр.

Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарының топырақ қату деңгейі былтырғы көрсеткіштерден орташа есеппен 1 сантиметрден 91 сантиметрге дейін төмен. Ақмола (Қалқұтан, Есіл) және Қарағанды (Тоқырау) облыстарының жекелеген бассейндерін қоспағанда, топырақтың қату тереңдігі былтырғы көрсеткіштен 11 сантиметрден 33 сантиметрге дейін жоғары.

Оған қоса мына өзен-көлдер мен су қоймаларының бассейндерінде топырақ бетінде қалыңдығы 6,6 сантиметрге дейін мұз қатқан:

Қарағанды облысының Нұра және Шерубайнұра;

Ұлытау облысының Кеңгір және Сарысу;

Ақмола облысының Есіл, Сілеті (Сілеті су қоймасына құйылу), Шағалалы және Жабай;

Солтүстік Қазақстан облысының Есіл;

Қостанай облысының Тобыл, Аят және Торғай;

Ақтөбе облысының Ілек, Ойыл және Ырғыз;

Батыс Қазақстан облысының Чижа-2, Утва, Дерқұл, Шаған, Өлеңті мен Шідерті;

Атырау облысының Ембі өзендерінің бассейндері.

Наурызда температура күрт көтеріліп, жаңбыр шелектеп жауса, еріген қар мен жаңбырдан тасқын болуы мүмкін.

Елімізде су тасқынының алдын алу шаралары уақтылы орындалмайды, салдарынан мемлекет көп шығындалады. Былтырғы жылы Жол картасында бекітілген жұмыстардың жартысы да аяқталмаған. Министрдің айтуынша биыл да игерілмеу қаупі жоғары.

«Тәжірибе көрсеткендей қарастырылған су тасқынына қарсы іс-шараларды орындамау үлкен су тасқыны салдарына әкеледі. Мысалы, биыл Батыс Қазақстан облысында 210 тұрғын үй, Ақтөбе облысында – 89 тұрғын үй, Қостанай облысында – 44 тұрғын үй су астында қалды. Бұл ретте Ақтөбе және Батыс Қазақстан  облыстарында 46 тұрғын үй тұруға жарамсыз деп танылды. Нәтижесінде Ақтөбе облысының әкімдігі 24 үй тұғызса, Батыс Қазақстан облысында – 16 үй  салынды. Жалпы 1,3 млрд теңге жұмсалды. Жыл сайын ықтимал қауіп пен үлкен материалдық шығынға ұшырағанша, қаражатты күні бұрын алдын – ала ескерту үшін пайдалануға болатын еді», – деді министр.