Алматы халықаралық әуежайы жер сілкінісінен кейін әуежайдың барлық қызметтері қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы ұшу айлағының баспасөз қызметі хабарлады.
«Алматы халықаралық әуежайы жер сілкінісінен кейін әуежайдың барлық қызметтері қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлайды. Ұшу-қону жолағы мен перрон тексеріліп, ешқандай зақым табылмады», – деп жазылған хабарламада.
Еске сала кетсек, 4 наурыз сағат 11:22-де Алматыда қатты жер тербелісі болып, халық дүрлігіп қалды. Бұл туралы Алматы қаласы ТЖД хабарлады.
Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстікке қарай 31 шақырым жерде Қазақстан аумағында орналасқан.
Жер сілкінісінің энергетикалық класы 13.2. Магнитудасы MPV 6.1. Жер сілкінісінің координаталары – 42,93° солтүстік. 76,96° шығыс Тереңдігі 10 км. Қабылдау туралы ақпарат (MSK-64 шкаласы бойынша): Алматы 5 балл.
Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ және жер сілкінісінің салдары туралы мониторинг, ақпарат жинау жүргізілуде.
Алматыда бұған дейін 5 балдық жер сілкінісі 23 қаңтарда болған. ҚР ТЖМ «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісін тіркеді.
Алматыдағы жер сілкінісіне байланысты қала әкімі Ерболат Досаев сағат 11:40-тан бастап жедел штабта жұмыс істеп, алдағы іс-шаралар жоспары талқыланды.
Қаланың барлық тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері қосылған.
- Қалалық полиция бөлімі әдеттегідей жұмыс істеп жатыр.
- Барлық мектептер мен балабақшалар ашылды, қоғамдық қабылдау пункттері жұмыс істейді.
- Қаладағы жедел медициналық жәрдем қызметі мен барлық көпсалалы ауруханалар, соның ішінде мамандандырылған ауруханалар, балалар ауруханалары, босану ұйымдары күшейтілген режимде жұмыс істеуде.