Жаңалықтар

«Қазтрансойл» АҚ күн панельдері бар 11 электр генераторлық қондырғы орнатты

«Қазтрансойл» күн панельдері бар 11 энергия қондырғысын орнатты / Архив: kursiv.media

«ҚазТрансОйл» АҚ күн энергиясын пайдаланатын 11 дербес гибридті электр генераторлық қондырғыларды іске қосты.

Бұл жұмыстар «Павлодар-Шымкент» мұнай құбырының әуе электр желілерін қайта жаңғырту жобасы аясында іске асырылды.

«Дербес гибридті электр генераторлық қондырғылар «Павлодар – Шымкент» магистральдық мұнай құбырының 11 объектісінде (6 желілік торап және 5 катодты қорғау станциясы) 1499,9 – 1572,1 км орналастырылған. Бұл учаскенің ұзындығы 72,2 шақырым. Дербес гибридті электр генераторлық қондырғылардың электр энергиясын өндіру мөлшері жылына – 254 мың кВт/сағатты құрайды», – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Пайдаланылатын энергия ресурстарын оңтайландыру «ҚазТрансОйл» АҚ қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Оның аясында компания өндірістік процестердің энергия тиімділігін арттыруға көңіл бөледі.

«ҚазТрансОйл» АҚ Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасын ұстанады және осы саладағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланады», – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Мұнай тасымалы артты

Еске сала кетсек, аталған компания 2023 жылғы («ҚазМұнайГаз» еншілес ұйымы) қаңтар-қыркүйек айларында мұнай тасымалдау көлемін 32,416 млн тоннаға дейін жеткізді. бұл 2022 жылдың сәйкес көрсеткішінен 7,9%-ға артық.

«ҚазТрансОйл» АҚ 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы өндірістік қорытындыны шығарды. Есепті кезеңде «ҚазТрансОйл» АҚ магистральдық мұнай құбырлары және жеке жүйесі бойынша 32 млн 416 мың тонна мұнай тасымалданды. Бұл 2022 жылғы 9 айдағы көрсеткіштен 2 млн 414 мың тоннаға артық», – деп жазылған хабарламада.

Бұл ретте «ҚазТрансОйл» АҚ еліміздің МӨЗ-не жеткізілген мұнай көлемі азайған. Ол магистральдық мұнай құбырлары жүйесі бойынша көрсеткіш.

Бұған дейін «Қазтрансойл» Каспий теңізі арқылы Баку портына мұнай жеткізуді 12 есе арттырғанын хабарлаған.

2022 жылдан бері балама бағыттар айқындала бастады

2022 жылы Ресей Украинаға соғыс ашқан соң, Қазақстан мұнай тасымалын әртараптандырды. Ресейді айналып өтетін бағыттарды дамыта бастады.

AERC (Қолданбалы экономиканы зерттеулер орталығы) сарапшылары сол кезде отандық мұнайды экспортқа шығара алатын бірнеше әлеуетті балама маршрут бар екенін жазған.

Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий дәлізі бойынша мұнай тасымалдау көлемін арттыруды тапсырған.

Осы бағыт бойынша «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен Әзірбайжан Республикасының SOCAR мемлекеттік мұнай компаниясы бір ортада бас қосты. Олар Теңіз кен орнынан «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры бағыты бойынша тасымалды арттыруға уағдаласты. Осылайша жылына 1,5 миллион тонна мұнай тасымалдауды көздеді.

Соның нәтижесінде биыл ІІ тоқсанда «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры арқылы Қазақстаннан тасымалданатын мұнай көлемі күрт ұлғайды.

«2023 жылдың II тоқсанында Теңіз кен орнынан «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры бағыты бойынша экспортқа 347,1 мың тонна мұнай жөнелтті», – делінген компания хабарламасында

Ал, бірінші тоқсанда осы бағыттағы қазақстандық мұнай экспорты 19,2 мың тоннаны құраған.

Соңғы дерек бойынша, Ақтау портындағы танкерлерге қуаттарды пайдалана отырып мұнай құю 2 млн 485 мың тоннаға жеткен. Бұл 2022 жылдың 9 айындағы көрсеткіштен 864 мың тоннаға артық.

Оператор 15 млрд теңге дивиденд төледі

«ҚазТрансОйл» АҚ ұзындығы 5,4 мың км магистральдық мұнай құбыры желісіне иелік етеді. Ол ұлттық оператор және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ тобына кіреді.  

2022 жыл қорытындысы бойынша дивидендтерін төлеу туралы шешім қабылдады. Шешім АҚ акционерлерінің жылдық жалпы жиналысында мақұлданды.