Алматыда қала тұрғындарының мобилділігін арттыру мақсатында 6 магистральдық көшеcі ұзартылады. Бұл жайлы Қалалық мобилділік басқармасы хабарлады.
Басқарма хабарлауынша, бүгінде Төле би көшесін Яссауи көшесінен қала шекарасына дейін ұзартуға жер телімдерін сатып алуға байланысты жол-құрылыс жұмыстары және инженерлік желілерді қайта құру бойынша іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобаның ұзындығы 4,5 км болады. Екі учаскеге бөлінген. Жұмысты 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Сонымен бірге ірі жолдардың бірі саналатын, ұзындығы 4,3 шақырымға созылған Хмельницкий көшесі ұзарады. Оны «Қайрат» шағын ауданынан Талғар тас жолына дейін ұзарту бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған қоса Райымбек даңғылы да Жетісу көшесінен Талғар тас жолына дейін ұзарталмақ.
«Биыл ұзындығы 0,6 км болатын Мұқанов көшесін Райымбек даңғылынан Мақатаев көшесіне дейін ұзарту жұмыстары басталады. Осы аумақтар бойынша жобалық құжаттама әзірленіп, сараптамада жатыр», – делінген басқарма хабарламасында.
Сондай-ақ Жұбанов көшесін Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту жұмыстары жүргізілмек. Қазіргі таңда жер телімдерін алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жоба бойынша жалпы ұзындығы 3,9 км болатын 2 кезек қарастырылған. Жұмыстарды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Әкімдік хабарлауынша, биыл ұзындығы 0,3 км болатын Оңғарсынова көшесін Райымбек даңғылына дейін ұзару жұмыстары басталады. Қазіргі таңда бұл жоба бойынша да жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Ал осы жылдың соңында Алматының Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысындағы жолайырық ашылады. Сондай-ақ осы жылдың 3 тоқсанында Сайын көшесі мен Мөңке би көшесінің қиылысында жолайырық пайдалануға берілмек. Бұған қоса жыл аяғына дейін Сайын көшесін Рысқұлов даңғылынан Ақын Сара көшесіне дейін және Абай даңғылын Строительная көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту жұмыстарын аяқтау көзделген.
Осыған дейін әкімдіктің баспасөз қызметі қаланың 5 ірі көшелері ұзартылатынын, сол мақсатта көптеген жер телімдері сатып алынып жатқанын хабарлаған болатын. Сол кезде ҮАААЖ бойынша бес радиалды жолды ұзарту жұмыстары жүргізіліп жатқаны, ал ұзындығы 3,2 км құрайтын Саин көшесін ұзарту бойынша жұмыстар 65%-ға аяқталғаны айтылды.