Депутат бір адамға сатылатын SIM-картаның санын шектеуді ұсынды
Қазақстанда SIM- карта сатуға шектеу қою керек. Киберқылмыспен күрес тақырыбына арналған Мәжіліс қабырғасындағы талқылауда депутат Жарқынбек Амантай осындай ұсыныс білдірді.
Депутат осындай шектеу енгізілсе, интернет алаяқтықпен күресуге біршама септігі тиетінін жеткізді.
«Павлодар облыстық полиция департаментінің өкілдерімен, арнайы мамандарымен кезедскен болатынбыз. Олар SIM-карталарды беруге шектеу қойсаңыздар деген ұсыныстарын айтты. Біздің қоғамда кез келген дүкеннен сатып ала салуға болады. Бір кісіге шексіз көп SIM-карта сатыла береді. Ал, кейбір елдердің тәжірибесін алып қарасақ, тек байланыс операторының филиалынан ғана сатып алуға ғана рұқсат бар. Жекелеген дүкендер мұны нан сатқандай таратып сата бермейді. Осыған шектеу қойсаңыздар. Бір кісіге кем дегенде екі немесе үш SIM-картадан артық берілмесе, үлкен көмек болатын еді деп отыр мамандар. Осы мәселені заң жүзінде қарастыруға бола ма?», – деп сауал жолдады депутат Мәжілісте өткен комитет отырысында.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов шектеу енгізілмейтінін атап өтті. Оның орнына абонентті сәйкестендіру тетігі ұсынылғанын жеткізді.
«Байланыс операторлары бұл идеяны қолдамады. Өз тарапымыздан бір адамға 5 SIM-карта жеткілікті болады дегенді де айтқанбыз. Біз SIM-карта санын шектеуде басқа модель ұсындық. Мәселен, SIM-карталарды іске қосу үшін биометрия жүйелерін пайдалануға болады. Мысалы, бір ЖШС 1000 SIM-карта сатып алды дейік, бірақ ол SIM-карталар адамдар биометриялық идентификациядан өткеннен кейін ғана іске қосылады. Сол уақытта SIM-карталар да жұмыс істейді. Біздің пайымдауымызша бұл әлдеқайда дұрыс шешім болар еді. Сол кезде SIM-картаның кімге тіркелгені белгілі болады, ешқандай шектеудің де қажеті болмайды. Себебі шектеу енгізілсе, оны біреуге қайта сататын адамдар пайда болуы мүмкін. Бізде «іскер-пысықайлар» бар екенін білесіздер. Сондықтан мемлекет тарапынан қажетсіз шектеу туғызбас үшін адам санын анықтап, содан кейін ғана SIM активация жасауды ұсынамын. Қазір бұл ұсыныс қарастырылып жатыр», – деді Әбдіқалықов.
Айта кетейік, биылдың өзінде 3 645 интернет алаяқтық дерегі тіркелген. Ал, елдегі барлық киберқылмыстың 99 пайызын интернет-алаяқтық құрап отыр.