Елдегі киберқылмыстың 99%-ы интернет-алаяқтықпен байланысты
Қазақстанда киберқылмыс өршіп тұр. Соңғы 7 жылда осы қылмыстар 10 есеге дейін өсіп кетті. Мәселен, 2023 жылы елімізде киберқылмыстан азаматтарға 21 миллиард теңге шығын келген. Осылай деп мәлімдеген ІІМ орынбасары Айдос Рысбаев киберқылмысқа қарсы күрес қалай жүріп жатқанын айтты.
Министр орынбасарының сөзінше, биылдың өзінде 3 645 интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Бұл көрсеткіш жалпы қылмыстың 18 пайызын және барлық алаяқтықтың 43 пайызына тең.
«Елдегі барлық киберқылмыстың 99 пайызын интернет-алаяқтық құрап отыр. Бүгінгі күні барлық дерлік елдер, соның ішінде ақпараттық технологиялар саласында дамыған елдер де қылмыстың бұл түрінен зардап шегуде. Мұндай қылмыстар былтыр тіркелген қылмыстардың жалпы санының 19 пайызын, алаяқтық қылмыстарының 50 пайызын құрады. Атап айтқанда, былтыр азаматтарға келтірілген шығын 21 миллиард теңгеге жетті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 3,7 мыңнан астам осындай қылмыс ашылды. 1891 адам ұсталып жауапкершілікке тартылды.Оның ішінде 460 адамның екі және одан да көп адамға қатысты алаяқтық жасағаны әшкереленді, олар 2,3 мың алаяқтық жасады. Интернет алаяқтық қылмысына қатысы бар азаматтарға 850 миллион теңге шығын өтелді.», — деді ІІМ орынбасары Рысбаев.
Ведомство басшысының орынбасары атап өткендей, қазақстандықтарға қарсы мұндай қылмыстар шетелден немесе шетелдік интернет ресурстарды пайдалану арқылы жасалады. «Шетелдік алаяқтар» өздерінің қылмыстық мақсаттары үшін «дроптарды» («қылмыстық тізбектің ең төменгі» буыны, банк картасының ұрланған ақшаның «транзитіне» айналуына келісетін адам) пайдаланады. Айдос Рысбаев интернет алаяқтық қылмысын тергеу өте қиын екенін жеткізді.
«Мәселен, 2023 жылдың соңында Астанада 4 алаяқтық байланыс орталығы анықталды. Олардың қызметкерлері жақын (посткеңестік) және алыс шет елдердегі (Еуропа мемлекеттері) байланыс операторларының нөмірлеріне ғана телефон соғатыны анықталды»,- деді министрдің орынбасары.
Таяуда қытайлық хакерлер тобы екі жылдан астам уақыт бойы қазақстандық байланыс операторларының инфрақұрылымынан деректер ұрлағаны белгілі болды.