Утильалым төлемінің мөлшері азайғаннан кейін қазақстандықтар жаппай ескі көліктерге көше бастады. Сенаторлар тобының бұл мәселеге қатысты депутаттық сауалына премьер-министр Олжас Бектенов осылай деп жауап берді.
Елдегі автокөліктердің 63 пайызының пайдалану мерзімі 10 жылдан асып кеткен
Үкімет басшысының мәлімдеуінше, еліміздегі утиль төлемі көрші мемлекеттермен салыстырғанда айтарлықтай аз. Олжас Бектенов 2015 жылы бұл төлемді енгізу көлік паркін жаңартуды ынталандыру және экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында жасалғанын атап өтті. 2015 жылдың басында елдегі автокөліктердің 75,4 пайызының пайдалану мерзімі 10 жылдан асып кеткен.
«2022 жылдың басында утильалым 50%-ға қысқарғанға дейін 10 жылдан асқан автокөліктердің үлесі 63%-ды, ал 3 жылға дейінгі автокөліктердің үлесі 8,4%-ды құрады. 2022 жылы утильалымы 50 %-ға төмендеп, сырттан әкелінген көлік құралдарын заңдастырғаннан кейін ескі көліктер санының артуы тіркелді», – деп мәлімдеді Бектенов.
Үкімет басшысы көршілес елдерде үш жылдан асқан автокөліктер үшін дифференциалды утильалым жүйесі жұмыс істейтініне назар аударды.
«Ресейде бұл 8,3 миллион теңгеге дейін, Беларусьте – 7,8 миллион, Өзбекстанда – 5,9 миллион, ал Қазақстанда утильалым көлемі 2 миллион теңгеге дейін жетеді», – деді Үкімет басшысы.
Бұған дейін Сенат депутаты Мұхтар Жұмағазиев кәдеге жарату алымының жоғары мөлшеріне байланысты ел азаматтарынан бірнеше шағым түсіп жатқанан айтып, мәселе көтерген еді. Сенатордың сөзінше, жеңіл көліктердің утильалымының мөлшері 400 мыңнан 3,5 миллион теңгеге дейін жетеді. Ал, ауыл шаруашылығы техникалары мен жүк көліктерінің кәдеге жаратуы 14 миллионға дейін барады.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр утильалым бағасының төмендегенін мәлімдеді. Жаңа тарифке сәйкес, автокөлік және ауылшаруашылығы техникасына утильалым 50 пайызға дейін азайды.
Утиль алым азайды
Утильалым мөлшері 2022 жылы екі есе төмендетілген. Тиісті қаулы 2022 жылдың 3 мамырында жарияланып, 14 мамырда күшіне енді. Халық бұл төмендетуге де риза бола қойған жоқ. Өйткені ставканы екі есе түсірудің өзі жағдайды жеңілдетпеді. Ел тұрғындары утиль алым мөлшерін 100-200 мың теңге көлемінде белгілеуді, тіпті түбегейлі алып тастауды талап етті.
Қазір ішкі авто нарықтағы жағдайды жақсы деуге келе қоймайды. Автопарк негізінен ескірген. Ал халықтың жаңа әрі сапалы көлік сатып алуға жағдайы жар бермейді. Сондықтан көбі қымбат бағаға орта деңгейлі көліктерді несиемен рәсімдеуге мәжбүр.
Еске сала кетсек, 2022 жылғы желтоқсанда 124,2 мың бірлік автокөлік құралы есепке қойылды. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 1,5% азайған, оның ішінде тіркелген жеңіл автомобильдер саны 5,1%-ға төмендеген. Ал жүк автомобильдерінің саны 68,4%-ға, автобустар 2,1 есе артқан.
2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген автокөлік құралдарының саны 4 449,3 мың бірлікті құрады, оның ішінде 87,9%-ы – жеңіл автомобильдер, 10%-ы – жүк автомобильдері және 2,1%-ы – автобустар. 2021 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда жалпы автомобильдер саны 3,7%-ға артты, оның ішінде жеңіл автомобильдер саны 2,9%-ға, жүк автомобильдері – 7,1%-ға, автобустар 24,7%-ға көбейді.