Инвестиция жоқ деп өндірісті уақытша тоқтатқан компания тағы да қарыз алды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
қарыз
«Ақтөбе-Темір-ВС» тағы да қарыз алды. Фото: kursiv.media

Қажетті инвестицияның жоқтығынан темір кен орнындағы өндірісті уақытша тоқтатқан «Ақтөбе-Темір-ВС» еншілес кәсіпорны» өз акционерінен уақытша қаржылай көмек алды. Бұл туралы компанияның Қазақстан қор биржасына жіберген хабарламасында жазылған.

Компания Ақмола облысындағы «Велиховское Южное» және «Велиховское Северное» кен орындарында темір өндіреді.

«Ақтөбе-Темір-ВС» 2,6 млн теңге қарыз алу туралы келісімге биыл 29 ақпанда қол қойған. Қарыз беруші тарап – компанияның 10 пайыз акциясына иелік ететін «КапиталИнвест» компаниясы.

Компания «уақытша қаржылай көмекті» 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін қайтаруы тиіс. Алынған қарыз эмитент активтері жалпы құнының 27 пайызына тең.

Ақпан айында компания қажетті инвестицияның жоқтығынан темір кен орынындағы өндірісті тағы да уақытша тоқтататынын хабарлаған болатын.

2023 жылдың күзінде ол Real Estate Kazakhstan LTD басқарушы фирмасынан уақытша қаржылық көмек алғанын. Көмек сомасы – сайақысыз 51,09 млн теңге (құжатта бөлінген қаржы займ деп те аталған). Бұл компания меншігіндегі активінен үш есе артық еді.

«Ақтөбе-Темір-ВС» еншілес кәсіпорны»  бұған дейін Тимур Құлыбаевқа тиесілі делінетін. 2022 жылғы аудиттелген шоғырландырылған қаржы есебінде түпкілікті иелері Тимур Құлыбаев, C.Buchere және А.Сүлейменова екені жазылған еді.

Ал қазір KASE мәліметінше, «Ақтөбе Темір-BC» акцияларының 50%-ы Qazaq Iron-ға, 30%-ы – EVO ST Group-қа тиесілі. Ал 10 пайыз акциясына «Капиталинвест» компаниясы иелік етсе, 10%-ы Gemini Mining B.V. ұйымына тиесілі.

2023 жылдың 9 айына арналған қаржы есебінде жалғыз құрылтайшысы – Gemini Mining B.V. деп көрсетілген. «Ақтөбе Темір-ВС» компаниясының түпкілікті акционерлері: М.Әбуов (Qazaq Iron ЖШС) З.Үйсенова (EVO ST Group ЖШС) А.Сәрсембаев және Е. Баймұратов («Капиталинвест» ЖШС), сондай-ақ G. Mahler (Gemini Mining B.V.) деп жазылған.

KASE-дегі 2023 жылдың 10 қазанындағы ақпаратқа сәйкес, компанияның жарғылық капиталы 297,1 млн теңгені құрайды. Меншікті капиталы теріс – минус 3,7 млрд теңге. Фирманың таза шығыны 226 млн теңгеден асып кеткен. Жиынтық міндеттемелері 3,80 млрд теңгені құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз