Қазақстанда арнайы экономикалық аймақ басшыларына конкурс жарияланды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
аймақ
Арнайы экономмикалық аймақтарды кім басқаруы мүмкін? коллаж kursiv.media

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Оңтүстік» және Qyzyljar арнайы экономикалық аймақтарының басқарушы компанияларын басқаратын адам іздеп жатыр. Министрлік іріктеу конкурсын жариялаған.

«Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Оңтүстік» және Qyzyljar арнайы экономикалық аймақтарының басқарушы компанияларын басқару үшін тұлғаларды іріктеу бойынша конкурс жариялайды: «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының Басқарушы компаниясы» АҚ, Qyzyljar арнайы экономикалық аймағының Басқарушы компаниясы ЖШС», – делінген хабарлама.

Басшылыққа үміткер жоғары білімді, сотталмаған, қазақ және орыс тілерін еркін меңгерген болуға тиіс. Конкурстың екінші кезеңіне өткен үміткерлерден арнайы экономикалық аймақты дамыту, инвестор тарту және қандай көрсеткіштерге қол жеткізетіні жайлы ұсыныс талап етіледі.

Арнайы экономикалық аймақ деген не?

Арнайы экономикалық аймақ (АЭA) – басым қызмет түрлерін жүзеге асыратын, арнайы арнайы құқықтық режимі мен инфрақұрылымы бар Қазақстан Республикасы аумағының бір бөлігі. Қазақстанда әртүрлі салалық бағыттар бойынша 14 арнайы экономикалық аймақ бар.

АЭА қатысушылары үшін арнайы құқықтық режим қолданылады, онда мыналар көзделген:

  • салық міндеттемелерінен босату;
  • кедендік баждардан босату;
  • инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы жүргізілген дайын өндірістік алаң ұсыну;
  • квоталар мен шектеулерден тыс шетелдік жұмыс күшін тарту мүмкіндігі.

2022 жылы арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру бойынша жол картасы әзірленген.  Сол кезде АЭА-лардың инфрақұрылымын реттеуге 393,5 млрд теңге бөлінген болатын.

Қазір басшысыз отырған «Оңтүстік» АЭА негізі 2005 жылы қаланған. Жалпы аумағы 200 гектар жерді қамтитын аймақ Шымкент қаласында орналасқан. Бұл мақта, тоқыма және химия өнеркәсібін дамытуға бағытталған.

Ал Qyzyljar АЭА 2019 жылы құрылған. Петропавл қаласында орналасқан аймақты құрудағы негізі мақсат – өңірді дамыту, металлургия және машина жасау салаларына инвестиция тарту.

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров осы аймақтарға көп қаржы құйған инвесторл жер сатып алу құқына ие болатынын мәлімдеді.

Алдағы уақытта басымдыққа ие жобаларды жүзеге асыратын инвесторларға ғана жер телімін беру тетігі қарастырылады. Ал басқа жобалармен айналысатын инвесторларға тек инфрақұрылымдарды пайдалануға мүмкіндік берілмек.

«Барлық инвестициялық міндеттеме орындалғаннан кейін Арнайы экономикалық аймақ қатысушылары үшін жер учаскесін сатып алу мүмкіндігі көзделген. Аралас режимді аумақтар айқындалды, бұл жерде басым жобалар АЭА режимінде жеңілдіктер алады, ал басымдықтардан тыс жобаларды іске асыруды жоспарлап отырғандар инфрақұрылым ғана алатын болады. Сондай-ақ АЭА қатысушылары үшін «инвестициялар неғұрлым көп болса, жеңілдіктер соғұрлым көп» қағидаты бойынша салықтық жеңілдіктер берудің сараланған тәсілі енгізілді»,  – деді ҰЭМ басшысы.

Сондай-ақ оқыңыз