Кейінгі 10 жылда IPO-ға шыққан компаниялардың акциясы инвесторларына қандай табыс алып келді?
Акциялары кейінгі 10 жылда IPO-ға шыққан компаниялар арасында инвесторларына ең жоғары табыс алып келген компания – Kaspi. Бұл туралы Қазақстан миноритар акционерлері қауымдастығының (QAMS) шолуында жазылған.
QAMS акциясы бастапқы жария орналастырылған (IPO) компаниялардың табыстылығы туралы шолуын жаңартты. Сарапшылар қандай компания акциясы дивидендті қоса есептегенде жоғары табыс алып келгенін саралаған. Қарапайым акциялар бойынша табыстылық теңгемен есептелсе, ғаламдық депозитарлық қолхат кірістілігі доллармен берілген.
Сонымен кейінгі 10 жылда IPO-ға шыққан компаниялар арасында табыстылығы жөнінен Kaspi финтех компаниясы көш бастап тұр. IPO-ға шыққалы өткен 39 ай ішінде компания табыстылығы +245% ($) құраған. Ал жылдық табыстылығы +75% болған.
Екінші орында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК акциялары келеді. Компания қарапайым акцияларының жылдық табыстылығы +58% құраған. Ал акциялары жария орналастылғалы өткен 5,2 жыл ішінде +307%($) өсім байқатқан.
Үздік үштікке «ҚазМұнайГаз» АҚ енген. Ұлттық компания акциялары бір жыл ішінде +42% табыс алып келген. Ал алғашқы жария орналастырудан бергі 14 айдағы табыстылығы +49% құрады.
Сонымен қатар KEGOC пен ҚТО акциялары да жақсы көрсеткішке ие. Олардың табыстылығы сәйкесінше жылдық +40,8% және +15,6% болған.
KEGOC акцияларын IPO-ға шыққан 2014 жылдың желтоқсанында 1 доллар бағамы 180 теңгеге тең еді. Ол кезде KEGOC-тың бір акциясы 2,8 доллар тұрған. Қазір төленген дивиденд пен нарықтық құнын есепке алғанда, KEGOC-тың 1 акциясы 2406,65 теңге немесе 5.3 долларды тұрады. Яғни долларда +89% нақты табыс алып келген. KEGOC акциялары бойынша доллардағы жылдық табыстылық 9,7% құрайды. Бұнда қайта инвестициялау есепке алынбаған.
Қай компания қай жылы IPO-ға шықты?
Еске сала кетсек, 2012 жылы жария орналастыруға бірінші болып «ҚазТрансОйл» АҚ шықты. Бір акция үшін 725 теңге бағамен компанияның 38 463 559 қарапайым акциясын сатып алу ұсынылған.
2014 жылдың 18 желтоқсанында «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында қазақстандық қор нарығында «KEGOC» АҚ-ның қарапайым акцияларын бастапқы орналастыру жүргізілді.
2018 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның акциялар пакетінің бір бөлігін IPO өткізу арқылы бәсекелес ортаға беру туралы шешім қабылданды.
AIX биржасында қосарланған листингі бар жаһандық депозитарлық қолхат және акциялардың 14,92%-ы мөлшерінде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның IPO-сы табысты жүзеге асырылды.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның ұсынылған акциялар пакетінің шамамен 86%-ы LSE-ге және 14%-ға жуығы AIX-ке орналастырылды. Ұсыныс бағасы жаһандық депозитарлық қолхат үшін $11,6 және бір акция үшін 4 322,74 теңгені құрады.
Kaspi.kz 2020 жылдың қазан айында Лондон қор биржасында IPO өткізді. Акциялардың шамамен 15%-ын орналастыру кезінде компания акционерлері $1 млрд тартты.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» 30,5 млн жай акциясын 2022 жылдың қарашасында сатылымға шығарды.