Биыл жер қойнауын пайдаланушылармен жасалған 26 келісімшарт үзілуі мүмкін
Биыл жер қойнауын пайдаланушылармен жасалған 26 келісімшарт үзілуі мүмкін. Өйткені компаниялар келісім бойынша өзіне алған міндеттемелерін орындамаған. 2023 жылы осындай 22 келісімшарт бұзылған. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.
«Министрлік жер қойнауы учаскелеріне тексеру жүргізді. 2023 жылы міндеттемелерін орындамаған 22 келісімшарт бұзылды, өндіріп алу процесінде тағы 26 келісімшарт бар», – деді министр.
Жер қойнауын пайдаланушыларға жалпы 12 млрд теңгеге 158 хабарлама жіберілген. Соның ішінде шамамен 4,4 млрд теңге өтелген.
Қазіргі кезде көмірсутекті барлау және өндіруге байланысты 317 және уран өндірісіне қатысты 24 келісімшарт өз күшінде тұр.
Заңға қандай өзгерістер енгізілген?
Министрдің айтуынша, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңға енгізілген өзгерістердің арқасында геологиялық барлауға қосымша 200 млрд теңге инвестиция құйылмақ. Бұл ретте сарқылатын кен орындарын одан әрі игеруді ынталандыратын нормативтік құқықтық актілер 2045 жылға қарай мұнай өндіруді 60 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
2023 жылы шамамен 9 млрд АҚШ долларына тең инвестиция құйылатын 5 жақсартылған келісімшарт жасалған.
Балтыр барланған мұнай қоры 115,6 миллион тоннаны, ал газ қоры 25 миллиард текше метрді құрайтын 30 кен орнында барлау жұмыстары аяқталған. Сәтқалиев алдағы 3 жылда бұл кен орындары игерілетінін мәлімдеді.
2023 жылы газ қоры 31 млрд текше метрден асатын үш кен орнында (Рожковское, Оңтүстік Ақсай, Анабай) газ өндіру басталған. Көмірсутектерге жер қойнауын пайдалану құқығын беруге өткізілген аукцион қорытындысы бойынша (шілде, қазан және желтоқсан) 25 жер қойнауы сатылған. Аукцион жеңімпаздары жер қойнауын пайдалану құқығын иеленгені үшін 6,5 млрд теңге бір реттік төлем төлеп, геологиялық барлауға 22,5 млрд теңге инвестиция салуы тиіс.
Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өнеркәсіп саласында келісімшарт міндеттемелерін орындамай жүрген бірқатар компанияға ескерту жіберген болатын. Олардың қатарында Тимур Құлыбаевқа тиесілі көмір компаниясы да бар. «Шұбаркөл премиум» компаниясы жер қойнауын пайдалану келісімшартының талаптарын бұзғаны үшін айыппұл арқалады.
Келісімшарт міндеттемелерін орындамаған компаниялар қатарында Александр Машкевичтің көмір компаниясы да бар. Вице-министрі Иран Шарханның қолы қойған хабарламада «Шұбаркөл» көмір карьерінің Батыс бөлігін игеруге қатысты келісім баптары бұзылғаны жазылған. Компания бір ай ішінде анықталған кемшіліктерді түзеп, тұрақсыздық айыппұлын төлемесе, министрлік келісімшартты біржақты тәртіппен бұзатынын еске салады. Сонымен қатар компания заң бұзу жойылғанын растайтын құжаттар мен төленген айыппұл түбіртегін ұсынуы қажет.