Жаңалықтар

«ҚазТрансОйл» еншілес кәсіпорны аммиак селитрасын ауыстырып тиеуді бастады

ҚазТрансОйл
«ҚазТрансОйл» еншілес кәсіпорны аммиак селитрасын ауыстырып тиеуді бастады/kaztransoil.kz

«ҚазТрансОйл» еншілес кәсіпорны әлемдік нарыққа жеткізу үшін Қазақстанның аммиак селитрасын ауыстырып тиеуді бастады. Бұл туралы кәсіпорынның баспасөз қызметі хабарлады.

«Батуми теңіз порты» ЖШҚ алғаш рет қазақстандық аммиак селитрасын бір кеме – 3 мың тонна көлемінде жөнелтті,  – делінген хабарламада.

Бұған дейін жүк Ақтау портынан Ховсан портына (Әзербайжан) қарай жөнелтіліп, одан әрі Батуми теңіз портында (Грузия) ауыстырылып тиеліп, тауар әлемдік нарықтарға әрі қарай экспортқа жөнелтілді.

Минералды тыңайтқышты «ҚазАзот» АҚ жөнелтті. 2024 жылдың соңына дейін өндіруші Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша Батуми портына 50 мың тоннадан астам көлемде аммиак селитрасын жөнелтуді жоспарлап отыр.

«ҚазТрансОйл» АҚ «Батуми мұнай терминалы» ЖШҚ (БМТ) арқылы Грузиядағы өндірістік активтерге тікелей иелік етеді және басқарады. БМТ «Батуми теңіз порты» ЖШҚ-ның 100% үлесін басқаратын айрықша құқығы бар.

Электр генераторлық қондырғы орнатты

Еске салайық, «ҚазТрансОйл» АҚ күн энергиясын пайдаланатын 11 дербес гибридті электр генераторлық қондырғыларды іске қосты.

Бұл жұмыстар «Павлодар-Шымкент» мұнай құбырының әуе электр желілерін қайта жаңғырту жобасы аясында іске асырылды.

«Дербес гибридті электр генераторлық қондырғылар «Павлодар – Шымкент» магистральдық мұнай құбырының 11 объектісінде (6 желілік торап және 5 катодты қорғау станциясы) 1499,9 – 1572,1 км орналастырылған. Бұл учаскенің ұзындығы 72,2 шақырым. Дербес гибридті электр генераторлық қондырғылардың электр энергиясын өндіру мөлшері жылына – 254 мың кВт/сағатты құрайды», – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Мұнай тасымалы артты

Еске сала кетсек, аталған компания 2023 жылғы («ҚазМұнайГаз» еншілес ұйымы) қаңтар-қыркүйек айларында мұнай тасымалдау көлемін 32,416 млн тоннаға дейін жеткізді. бұл 2022 жылдың сәйкес көрсеткішінен 7,9%-ға артық.

Бұған дейін «Қазтрансойл» Каспий теңізі арқылы Баку портына мұнай жеткізуді 12 есе арттырғанын хабарлаған.

2022 жылдан бері балама бағыттар айқындала бастады

2022 жылы Ресей Украинаға соғыс ашқан соң, Қазақстан мұнай тасымалын әртараптандырды. Ресейді айналып өтетін бағыттарды дамыта бастады.

AERC (Қолданбалы экономиканы зерттеулер орталығы) сарапшылары сол кезде отандық мұнайды экспортқа шығара алатын бірнеше әлеуетті балама маршрут бар екенін жазған.

Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий дәлізі бойынша мұнай тасымалдау көлемін арттыруды тапсырған.

«ҚазТрансОйл» АҚ ұзындығы 5,4 мың км магистральдық мұнай құбыры желісіне иелік етеді. Ол ұлттық оператор және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ тобына кіреді.