Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Қазақстан экономикасы дамығаны туралы сұраққа нақты жауап бере алмады. Үкімет кулуарында журналистер сұрағына жауап беру кезінде министр «экономика дамымады» деп кесіп айтуға келмейтінін айтты.
Журналист 2017 жылдан бері ел экономикасын дамытуға шетелдік банктерден 4,8 млрд доллар алынғаны және осы қаржының Қазақстан экономикасының дамуына қатысты сұрақ қойды.
«Жалпы енді 2017 жылмен салыстырғанда экономикамымыз дамымады деп айтуға келмейтін шығар. Себебі бізде бірқатар даму бар. Бұл алып келінген ақша біздің экономикамызға оң әсерін тигізіп жатыр. Кәсіпорындар мен жаңа жұмыс орындары ашылып, салық төленіп жатыр», – деді министр.
Сонымен қатар, ол Қазақстанда экономикалық қиындықтар бар екенін де мойындады.
«Экономикамыз дамымады деп кесіп айту қиын. Қиындықтар бар, мәселелер өте көп. Оны мойындауымыз керек. Үкімет, біздің министрлік бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Мысалы, былтыр экономика өсімі 5,1% құрады. Инфляция деңгейін төмендеттік», – деп жауап берді министр.
Айта кетейік, 2024 жылы қаңтар айында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,9%-ды құраған. Ал жалпы ел экономикасын 6%-ға жеткізуге болады. Бұл жайлы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты. Министр ел экономикасын өсірудің негізгі драйверлерін атаған.
«Қаңтар айының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,9%-ды құрады. Оның ішінде нақты сектор – 3,8%, ал қызмет көрсету саласы – 3,5%-ға өсті. Салалар арасында ең жоғары өсу көрсеткішін құрылыс, көлік және қоймалау, ақпарат және байланыс, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 0,6%-ды құрады. Инвестициялар ағыны білім беруде – 3,6 есеге, қаржы және сақтандыру қызметінде – 3 есеге, көлік және қоймалауда – 2,1 есеге, құрылыста – 2 есеге, ақпарат және байланыста – 20,9%-ға, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде – 15,8%-ға өсті. Өңірлер арасында ең жоғары өсу Жетісу, Ұлытау, Жамбыл және Алматы облыстарында байқалды», – деді министр.
Байбазаров өңдеу өнеркәсібінде өсудің оң көрсеткіші сақталып отырғанын, өндіріс көлемі 6,9%-ға өскенін атап өтті. Айтуынша көрсеткіштің өсуі 14 өңірде тіркелген. Соның ішінде ең жоғары көрсеткіш Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Абай облыстарында тіркелген.
Министрдің айтуынша, өңдеу өнеркәсібі қарқынын 2024 жылы жоспарланған жаңа жобаны уақтылы енгізу есебінен өсіруге болады. Ал құрылыста – әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын, автомобиль жолдары мен теміржол желілерін белсенді салу, инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы қол жеткізуге болады. Сонымен қатар «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту есебінен оң нәтиже шығару мүмкіндігі бар. Бұл орайда жаңа «9-20-25» тұрғын үй бағдарламасының іске қосылуы оң әсер етпек.
Еске сала кетсек, бұрынғы министр Әлібек Қуантыров алдағы 5 жылда Қазақстан экономикасы 6%-ға өсіп, инфляция 5%-ға төмендейтінін айтқан болатын. Қуантыров салалық экономиканың өсу қарқынына жеке-жеке тоқталған. Министрдің айтуынша, өнеркәсіптегі орташа жылдық өсу қарқыны 2024-2028 жылдары 4 пайызды құрайды. Өңдеу өнеркәсібі орта есеппен 4,9 пайызға көтеріліп, тау-кен өнеркәсібінің өсу қарқынынан да озып кетуі мүмкін екенін айтқан еді.