Дүниежүзілік банк Қырғызстандағы ГЭС құрылысына 500 млн доллар бөлуге дайын

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Дүниежүзілік банк Қырғызстандағы ГЭС құрылысына 500 млн доллар бөлуге дайын / shutterstock

Дүниежүзілік банк Қырғызстандағы Қамбар-Ата ГЭС-1 құрылысына 500 миллион доллар бөлуге дайын. Бұл туралы 5 наурызда елдің энергетика министрі Таалайбек Ибраев мәлімдеді.

24KG басылымының ақпаратына сүйенсек, Дүниежүзілік банк қазірдің өзінде жоба бойынша техникалық-экономикалық негіздемені жаңартуға қаражат бөліп үлгерген. Жоба 2014 жылы жасалғандықтан, оны жаңарту қажеттілігі туындаған.

«Байқау өткізіліп, 14 компания қатысып, үш компания іріктеліп алынды. 2024 жылғы 11 наурызда біз қаржылық ұсыныстарды қарап, техникалық-экономикалық негіздемені жаңарту кімге тапсырылатынын анықтаймыз. Осыдан кейін Қамбар-Ата-1 құрылысының жобалық құны белгілі болады. 2014 жылы бұл 2,9 миллиард доллар болды. Он жыл өтіп, бәрі қымбаттады. Біз шамамен есептеп, жоба құны 4-4, 5 млрд долларды құрайтынын анықтадық», – деді Таалайбек Ибраев.

Қырғызстандағы ГЭС құрылысына Қазақстанның әсері

Айта кетейік, 2023 жылдың қазан айында «Қамбар-Ата ГЭС-1» су қоймасы Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстанның 34%, 33%, 33% үлестік қатысуымен салынуы мүмкін екенін жазған едік. Десе де, Қырғызстан басқа да әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізіп жатыр. 

Қырғыз тарапы «Қамбар-Ата ГЭС-1» тез арада іске қосылса, бұл Қырғызстанға да және Орталық Азия елдері үшін де тиімді болатынын айтады. 

«Бұл су электр станциясының құрылысы Қырғызстанның генерациясын арттырумен қатар, экспорттық әлеуетін арттырады және өңірдегі су-энергетикалық теңгерімді тұрақтандыруды қамтамасыз етеді. Қазақстан мен Өзбекстан бұл жобаны бірлесіп жүзеге асыруға қызығушылық танытты. 2023 жылғы 6 қаңтарда үш республиканың энергетика министрліктері деңгейіндегі кездесудің қорытындысы бойынша тараптар жол картасына қол қойды. Бүгінде тараптар жобаға Қырғызстанның, Қазақстан мен Өзбекстанның тиісінше 34%, 33%, 33% үлестік қатысуы мәселелерін қарастыруда. Тараптармен бірлескен келісім жобасы әзірленуде. Ықтимал ынтымақтастықтың нақты шарттарын тараптар әлі анықтаған жоқ»,  – деп хабарлайды көрші елі министрлігі. 

Яғни нақты шарт жасалмағаны себепті, Қырғызстан тарапы басқа да әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Осы орайда «Қамбар-Ата ГЭС-1» инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз ету мақсатында ол жерлерді электр қуатымен қамтамасыз етіп, кiрме жолдар, көлiк туннелiн және Нарын өзенiнiң оң жағалауына көпiр салып, құрылыс алаңына шығуды қамтамасыз ету бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Қамбар Ата ГЭС-1 құрылысы» жобасы бойынша Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан энергетика министрліктерінің үшжақты кездесуі өткен туралы «Курсив» жазған болатын. Кездесу аясында жобаның «Жол картасын» іске асыру барысы талқыланды, сондай-ақ ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары бойынша құжат жобасы қаралды. Кездесу қорытындысы бойынша жобаны іске асыруға дайындаудың негізгі кезеңдері келісіліп, тараптар наурыз айында кездесуі керек болған.   

Сондай-ақ оқыңыз