Республикалық маңызы бар автожолдар су тасқыны кезеңіне дайын ба?

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Басты мәселе – су тасқыны болуы ықтимал автожолдарда қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету / Фото: архив kursiv.media

Көлік министрлігінде су тасқыны кезеңіне дайындық барысы талқыланды.

Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев көктем және жаз маусымдарында жолдарды пайдалану әрі күтіп-ұстау мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жиынға «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы, Жол активтері сапасының ұлттық орталығы және «Қажсервис» ЖШС облыстық филиалдарының басшылары қатысты. Кездесу барысында жолдарды су тасқыны кезеңіне дайындау мәселелері талқыланды. Сонымен қатар жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі кешенді мақсатты бағдарлама аясындағы жұмыс жоспарлары белгіленді.

Күн тәртібіне шығарылып, талқыланған басты мәселе – қалың қардың еруі мен тасқын болуы ықтимал жолдарда қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұған қоса жол инфрақұрылымын сақтап қалу мәселелері бар.

«Талқылау барысында су тасқыны болуы ықтимал республикалық трассаларда қауіпсіздікті сақтау мақсатында бірлескен іс-қимылдың жеделдігі талқыланды. Сондай-ақ, бұл жұмыстарды дұрыс үйлестірілуінің маңыздылығы атап өтілді. Сонымен бірге жол құрылыстарын нығайту, инертті материалдар мен қаптарды дайындау, жолдардың жай-күйін бақылау мәселелері сөз болды», – деп хабарлады Көлік министрлігі.

Бұдан басқа қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі кешенді бағдарламаны іске асыру бойынша жоспардың жүзеге асырылуы қаралды. Аталған іс-шаралар шұңқырларды жөндеу, жарықтарды толтыруға бағытталған. Жжол белгілерін орнату және ауыстыру жұмыстарын да қамтиды. Іс-шаралар кешені жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

«Көктемгі кезеңде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударамын», – деді жиынды қорытындылаған вице-министр.

Бұған дейін «Қазгидромет» 2024 жылы су тасқыны ең көп болатын аймақтар тізімін жариялаған еді.

«NASA» спутниктерінің жерді қашықтан зондтау суреттері бойынша 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша, еліміздің 72%-і қар жамылған. «Қазгидромет» елімізде көктемде су тасуы мүмкін аймақтарды алдын ала бағалады:

Қатер жоғары өңірлер:

Абай, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Жетісу облыстары.

Қатер орташа аймақтар: 

Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Түркістан және Ұлытау облыстары.

Қатер төмен өңір: 

Маңғыстау облысы.

Оған қоса өзен-көлдер мен су қоймаларының бассейндерінде топырақ бетінде қалыңдығы 6,6 сантиметрге дейін мұз қатқан:

Қарағанды облысының Нұра және Шерубайнұра;

Ұлытау облысының Кеңгір және Сарысу;

Ақмола облысының Есіл, Сілеті (Сілеті су қоймасына құйылу), Шағалалы және Жабай;

Солтүстік Қазақстан облысының Есіл;

Қостанай облысының Тобыл, Аят және Торғай;

Ақтөбе облысының Ілек, Ойыл және Ырғыз;

Батыс Қазақстан облысының Чижа-2, Утва, Дерқұл, Шаған, Өлеңті мен Шідерті;

Атырау облысының Ембі өзендерінің бассейндері.

Наурызда температура күрт көтеріліп, жаңбыр шелектеп жауса, еріген қар мен жаңбырдан тасқын болуы мүмкін.

Елімізде су тасқынының алдын алу шаралары уақтылы орындалмайды. Салдарынан мемлекет көп шығындалады. Былтырғы жылы Жол картасында бекітілген жұмыстардың жартысы да аяқталмаған. Министрдің айтуынша биыл да игерілмеу қаупі жоғары.

Сондай-ақ оқыңыз