«Бәйтерек» холдингі экономикалық өсімді 6%-ға жеткізуде қандай қолдау көрсетеді – холдинг басшысы айтып берді
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ активтері 2023 жылы 13,7 трлн теңгені құраған. Бұл жайлы үкімет сағатында холдингтің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин айтты. Сонымен бірге басқарма басшысы жыл сайынғы 6 пайыздық экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін холдинг тарапынан қандай шаралар қарастырылғанын атап өтті.
«2023 жылы Холдингтің активтері 13,7 трлн теңгені құрады, инвестициялық және кредиттік портфелі – 10,1 трлн теңге, ал таза пайдасы – 408 млрд теңге болды», – деді компания басшысы.
Ал холдингтің бизнесті қолдауға қосқан жалпы үлесі 2,6 трлн теңгеден асқан. Сонымен бірге Қазақстанның даму банкі арқылы кәсіпкерлікті қолдау шеңберінде ірі жобаларды және лизингтік мәміле бойынша қаржыландыру көлемі 689,2 млрд теңгені құраған.
Қарағойшин, шағын және орта бизнесті қолдау шеңберінде холдингпен шамамен 1,57 трлн теңге кредит сомасына 23,9 мың жобаға қолдау көрсетілгенін атап өтті. Ал экспорттық әлеуетті дамыту шеңберінде Қазақстанның даму банкі және KazakhExport құралдары арқылы холдинг ұсынған қолдау көлемі 716 млрд теңгені құраған.
«Ауыл шаруашылығын дамыту шеңберінде 2023 жылы Холдинг (Аграрлық несие корпорациясы және ҚазАгроҚаржы) кредит және лизинг арқылы ауыл шаруашылығын қаржыландыруға 554,7 млрд теңге қаражат бөлді», – дейді холдинг төрағасы.
6 пайыздық меже
Сонымен бірге Рустам Қарағойшин жыл сайынғы 6 пайыздық экономикалық өсуді қамтамасыз ету, сондай-ақ холдинг арқылы қолдау шараларының тиімділігін арттыру шараларын жүзеге асыру үшін не істелетініне тоқталып өтті.
Бұл мақсатта холдинг бірінші кезекте экономикалық өсу секторларын қаржыландыруды қамтамасыз етпек. Осылайша, «Бәйтерек» алдағы үш жылда ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылым, көлік және логистика, және тұрғын үй құрылысы сияқты салаларда кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсету мүмкіндігін жүзеге асырады.
Екіншіден, сала көшбасшыларын қолдау және дамытуды қолға алмақ. Холдинг мұндай қадамдар арқылы экономикалық өсу нүктелері болатын сала көшбасшыларын анықтап, әр саладағы көшбасшыларды қолдау және дамыту шараларын жүргізеді.
Үшінші кезекте – ауыл тұрғындарын қолдау мәселесі тұр.
«АӨК секторы инвестицияларға да, айналым капиталына да аса мұқтаж. Осыған байланысты холдингтің АӨК саласындағы еншілес ұйымдары Ауыл шаруашылығын қаржыландыру көлемін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізеді», – дейді Қарағойшин.
Холдинг басшысының айтуынша, ауылдық жерлерді, әсіресе, ондағы шағын және орта бизнесті қолдау шаралары аз, қолжетімді тұрғын үймен қамту мәселесі өзекті болып отыр. Осыған байланысты холдингтің қолдау шаралары арқылы ауылдағы кәсіпкерлікті қамтуды арттыру, мақсатты өңірлік бағдарламаларды одан әрі дамыту бойынша шаралар қабылданбақ. Сондай-ақ Қарағойшин ауыл тұрғындарын қолжетімді тұрғын үй сатып алу бағдарламаларымен қамту көлемі ұлғайтылатынын мәлімдеді.
«Әрі қарай дамыту ретінде коммерциялық банктердің еркін өтімділігін тарту, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының несиелік тәуекелділік классификациясы бойынша Қазақстанның позициясын жақсарту жайында мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстарды жүргізу, венчурлық қаржыландыру нарығын дамыту, сондай-ақ холдингтің инвестициялық тартымдылығын арттыру қажет», – дейді Қарағойшин.