Құны 8 млн теңге: СҚО-ның денсаулық сақтау мекемелерінің қоймасынан мерзімі өткен екпе дозалары табылды

Жарияланды
мерзімі өткен екпе
СҚО прокуратурасы мерзімі өткен 1,8 мың екпе дозасын анықтаған / Фото: shutterstock

Солтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау мекемелері өз қоймаларында 7,8 млн теңге болатын, мерзімі өткен 1,8 мың екпе дозаларын сақтап келген. Бұл жайлы Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы хабарлады.  

Прокуратура облыстық денсаулық сақтау мекемелерінде тексеріс жүргізіп, нәтижесінде медициналық мақсаттағы бұйымдарды ұтымсыз пайдалану фактілерін анықтаған. Атап айтқанда, жалған екпе салу, ресми құжаттарды бұрмалау сияқты өрескел заң бұзушылықтар тіркелген.

Тексеру барысында қызылша мен қарасанға қарсы жалған екпе салуға қатысты 70-тен астам факті анықталған.

«Санитарлық ережелердің талаптарын бұза отырып, денсаулық сақтау қоймасында 7,8 млн теңге сомасында 1,8 мың доза көлемінде қызылша, паротит, қызамық және А гепатитіне қарсы жарамдылық мерзімі өтіп кеткен вакциналар болғаны анықталды», делінген баспасөз хабарламасында.

Прокуратураның хабарлауынша, қалалық емханалардың бірінде медицина қызметкерлері ресми құжатты бұрмалаумен айналысқан. Осыған байланысты 4 ақпаннан бастап, прокуратура органдарының материалдары негізінде Петропавл қалалық полиция басқармасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 385-бабы «Жалған құжаттарды қолдан жасау, дайындау және өткізу бойынша» сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.

Осыдан бір ай бұрын Павлодар облысының прокуратурасы облыс тұрғындарына мерзімі өткен екпе салу фактілерін анықтады. Мұндай заң бұзушылықтар медициналық ұйымдарды егу науқанын жүргізу заңдылығын тексеру кезінде анықтаған.

Прокуратураның хабарлауынша, 21 млн теңгеден астам сомаға 9,5 мыңнан астам вакцина ұтымсыз пайдаланылған. Атап айтқанда, Денсаулық сақтау басқармасының орталықтандырылған сақтау қоймасынан дәрі-дәрмектер медициналық мекемелерге мерзімі өтіп кеткен соң жіберілген.

Сондай мерзімі өткен препаратпен 2 бала вакциналанған. Ал екі кәмелетке толмаған балаға қызылшаға қарсы жалған вакцина салынған. Облыс прокуратурасы жарамсыз препараттарды жою туралы шешім шығарған. Ал кінәлі адамдар жауапқа тартылған.

Ал 2 ақпан күні Техникалық реттеу және метрология комитеті 104 медициналық мекеме адам емдеуде тексерілмеген құрылғыларды пайдаланып келгені туралы хабарлады. Комитет емханалар, госпитальдар, әскери госпитальдар мен лазареттердің қызметін тексерген. Нәтижесінде олқылықтар анықталған мекемелерге жалпы құны 73 539 750 теңгені құрайтын айыппұл салынған.

Сондай-ақ оқыңыз