Қырғызстан ЖЭО-сында 2 ақпан күні болған апатқа байланысты Қазақстан гуманитарлық көмек жіберді. Бұл жайлы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«5 наурызда Мемлекеттік материалдық резервтен тиелген 1000 тонна дизель отыны ресми түрде Қырғыз Республикасына берілді. Гуманитарлық көмек ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, сондай-ақ KazAID Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің қолдауымен көрсетілді. 1 000 тонна дизель отынының екінші партиясы Ыстықкөл облысындағы Балықшы станциясына жөнелтілді», –делінген хабарламада.
Бұл көмек Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі Рәпіл Жошыбаев пен Қырғыз Республикасының Энергетика министрі Таалайбек Ибраевқа тапсырылған.
Апат туралы
Еске сала кетсек, 2 ақпан күні Бішкек ЖЭО-сында жарылыс болды. Апатқа байланысты Қырғызстан министрлер кабинетінің басшысы Ақылбек Жапаров Қазақстандағы ресми сапарын үзіп еліне қайтқан болатын. Жарылыс салдарынан қаланың бір бөлігі жылусыз қалған. Сонымен бірге ЖЭО-ның бес қызметшісі жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Екеуінің денесін қатты күйік шалып жансақтау бөлімінде жатқаны хабарланған.
Сол күні брифингте ҰҚК төрағасы Қамшыбек Ташиев ЖЭО-ға диверсия жасалған болуы мүмкін деген болжам айтты. Төтенше жағдайлар министрі Бообек Әжиев те жылу электр орталығында төтенше жағдай жарияланғанын, апат қолдан жасалған болуы мүмкін деген болжамдардың қарастырылып жатқанын атап өткен.
Бішкек ЖЭО-сында болған апаттан кейін, Қазақстан Қырғызстанды электр энергиясымен қамтуға да көмек көрсетті.
Бұл мәселе Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаевпен Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің екі ел арасындағы өзекті мәселелері бойынша телефон арқылы келіссөздері барысында талқыланған.
Екі тарап ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Бішкек қаласының ЖЭО-ға қатысты жағдайды реттеуге жәрдемдесуді үйлестіру бойынша екіжақты шараларды іске асыру барысына тоқталған.
Өз кезегінде Қырғызстанның Сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қазақстанның Жамбыл МАЭС-нен электр энергиясын жеткізу көлемін ұлғайтуға байланысты мәселені жедел шешкені үшін алғысын білдірді.