Жаңалықтар

KEGOC: Күзде электр қуатының тапшылығы күтілуде, оны Ресей импорты есебінен жабамыз

Күзде электр қуатының тапшылығы күтілуде/коллаж kursiv.media

Қазақстанда 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымында электр қуатының тапшылығы шамамен 1 025 МВт құрайды. Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов осылай деп мәлімдеді.

Басқарма төрағасының айтуынша, 2024 жылдың қазанынан 2025 жылдың наурызына дейін электр энергиясы бойынша да, қуаты бойынша да тапшылықтар болатынын айтты.

«Болжамды максималды электр жүктемесі 17,4 ГВт және зауыттың генерациясы 16,4 ГВт болғанда тапшылық шамамен 1,025 ГВт болады. Оны негізінен Ресей Федерациясынан келетін импорт есебінен немесе Қазақстандағы тұтынушыларды шектеу есебінен жабуға болады», – деді Айтжанов.

Оның айтуынша, алдағы күзгі-қысқы кезеңдегі электр энергиясын тұтынудың ағымдағы өсу динамикасымен оңтүстік аймақтағы ең жоғары жүктемесі 4500 МВт-тан асуы мүмкін.

«Оңтүстік өңірдегі тұтынушылардың сұранысын толық қамтамасыз ету және шектеулер енгізбеу үшін Жамбыл ГРЭС-і бес блоктық режимде жұмыс істеу қажет»,- деп түйіндеді сөзін Нәби Айтжанов.

Басқарма төрағасы атап өткендей, өткен жылы максималды тұтыну 13 желтоқсанда тіркеліп, 16 626 МВт құраған. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 167 МВт-қа жоғары (2022 жылы 16 459 МВт). Өндіріс 15 107 МВт құрады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 96 МВт-қа(15 203 МВт) төмен.

«KEGOC» компаниясының бір жылғы табысы қанша

«KEGOC» АҚ-ның 2023 жылы таза пайдасы 42,7 млрд теңге болған. Бұл жайлы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

«Жедел деректерге сәйкес, «KEGOC» АҚ-ның 2023 жылғы жалпы пайдасы 2022 жылмен салыстырғанда 39%-ға өскен.Яғни 50,9 млрд теңгеден 70,5 млрд теңгеге дейін өсті. Түсім 251,9 млрд теңгені құрап, 2022 жылға қарай 34,7 млрд теңгеге немесе 16%-ға өсті. Өсу негізінен реттеліп көрсетілетін қызметтердің көлемі мен тарифтерінің ұлғаюына байланысты болды»,– делінген хабарламада.

Осылайша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша компанияның таза пайдасы 42,7 млрд теңге деңгейінде қалыптасқан. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 15,9 млрд теңгеге немесе 60%-ға жоғары. Ол жылы таза пайда – 26,7 млрд теңге болған.