Facebook пен Instagram-дағы ақау салдарынан Мeta акциялары төмендеді

Жарияланды
Мeta акциялары екінші күн қатарынан төмендеді / Фото: Bastian Riccardi / Unsplash

Сейсенбіде компанияның әлеуметтік желілерінде ақау болып, Мetaның құнды қағаздары 2%-ға арзандады. Әлеуметтік желілердің жұмысы әлем бойынша 2 сағатқа тоқтап қалды. Алайда Meta ақаудың неден болғанын түсіндірмеді. Сондай-ақ компанияның баға ұсыныстары екінші күн қатарынан төмендеп жатыр.

Акция

Сейсенбі күні таңертең Meta акциялары 488,1 долларға сатылды. Бұл дүйсенбідегі жабылудан 2% төмен. Meta қағаздары екінші күн қатарынан арзандап жатыр. Аптаның бірінші күнінде тек NVIDIA-да акция құны қымбаттады.

Crossmark  Global Investments Бас директоры Боб Долл WSJ-ге: «Жолдағы кедергілерсіз аспанға дейін өсу мүмкін емес», – дейді.

Әлеуметтік желілерде не болды

Мeta-ға тиесілі Instagram, Facebook және Threads-тің әлеуметтік желілері сейсенбі күні жаппай істен шығып, тоқтап қалды. CNBC хабарлағандай,  желінің істен шығуы екі сағатқа созылды. Downdetector сервисінің хабарлауынша, Мeta әлеуметтік желілеріндегі мәселеге тек АҚШ-та ғана емес, Ұлыбритания, Канада, Мексикада және басқа елдердің пайдаланушылары да шағымданған.

Meta техникалық ақауларды жойғанын айтты, бірақ олардың себептерін айтпады

«Бүгінде техникалық проблемаға байланысты пайдаланушылар біздің кейбір қызметтерімізге қол жеткізуде қиындықтарға тап болды. Біз мәселені мүмкіндігінше тез шештік және қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз», – деп жазды Meta өкілі Энди Стоун X әлеуметтік желісінде (бұрынғы Twitter).

Meta сонымен қатар жарнамалық және әзірлеуші платформаларының жұмысында қиындықтар туындағанын хабарлады.

Meta-мен қоса сейсенбі күні техникалық қиындықтарға басқа да қызметтер тап болды. Атап айтқанда, YouTube кейбір пайдаланушылары да жүктеу кезінде қиындыққа кез болғанын  растады. Сондай-ақ Х әлеуметтік желісінде де кішігірім ақаулар болған.

Айта кетейік, осыған дейін Цукерберг Мeta дивидендтерінен жылына 700 миллион доллар табыс табады деп жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз