2019 жылы несиесі кешірілгендердің басым бөлігі қайтадан қарызға батқан

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
борышы
Борышы кешірілгендер қайтадан несие алған. Фото: shutterstock.com

2019 жылы несиесі кешірілгендердің басым бөлігі қайтадан қарызға батқан. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.

ҚНРДА басшысының айтуынша, жүргізілген талдау нәтижесінде 4 жыл бұрын несиесі кешірілген адамдардың көпшілігі қайтадан кредит алғаны анықталған.

«Өкінішке қарай, 2019 жылғы амнистияға іліккен борышкерлердің көпшілігі қазір қайтадан несие алып алған. Ал кейбірі несие төлемін кешіктіріп, ол проблемалық борышқа айналған», – деді агенттік басшысы.

Әбілқасымова бұл ретте азаматтардың төлем қабілетін дұрыс бағалау мәселесі туындайтынын айтады. Ал бүгін Мәжіліс қарауына ұсынылған заң жобасы несие беру стандарттарын күшейтуге бағытталған. Одан бөлек, кредитін төлей алмай жүрген борышкерлердің қарыз жүктемесін азайту міндеті қойылған.

Бұған дейін Әбілқасымова халықтың несие қарызын мемлекет есебінен кешіру науқаны қайталанбайтынын мәлімдеген.

Қарыз қашан кешірілді?

2019 жылғы 26 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» шыққан еді. Соның негізінде 3 млн теңгеге дейін қарызы бар 500 мың азаматтың борышы кешірілген. Азаматтардың қарызын кешіру мемлекет қазынасына 115 млрд теңгеге түскені белгілі.

Одан кейін де халықтың қарызын кешіру мәселесі бернеше рет көтерілген. Айталық, 2021 жылы Мәжіліс депутаты Азамат Әбілдаев қазақстандықтардың мерзімі өткен берешегі 199 млрд теңге болатынын, бұл мемлекет үшін «үлкен сома емес» екенін айтып, қарызды кешіру туралы ұсыныс тастады. 

Алайда экономист Арман Байғанов несие рақымшылығын жариялауға болмайтынын, бұл экономиканың қаржылық ахуалын күйретіп кететінін айтқан.

2023 жылғы наурыздан бері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығы бойынша, берешегі өтелмеген несиені коллекторлық агенттіктерге сатуға тыйым салу мәселесі көтерілді. ҚНРДА 2022 жылдан өтелмеген қарызды коллекторларға бермес бұрын, реттеу процедурасын жүргізуді талап еткен болатын.

Халықтың мойнындағы несие көлемі қанша?

Қазіргі кезде елімізде жеке тұлғалар алған несиенің жалпы көлемі 18 трлн теңгені, ал қарыз алушылардың саны 8 миллион адамды құрайды. 

Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, тұтынушылық кредит беру сегментінде соңғы 3 жылда өсім байқалған.

Сондай-ақ оқыңыз