10 мың қазақстандық банкрот деп танылды – Қаржы министрлігі
10 мың қазақстандық барлық тексерістен отып, ресми түрде банкрот деп танылды. Олардың қарызының жалпы сомасы 20 млрд теңгені құрады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің кулуарында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты.
«Бүгінгі таңда 87,5 мың өтініш түсті, оның ішінде біз 10 мың өтінішті өңдеп, жеке тұлғаларды банкрот деп таныдық. Бұл тұлғалар бойынша есептен шығарылған қарыз сомасы 20 млрд теңгені құрайды», – деді Біржанов.
«Неліктен қазақстандықтар банкроттықтан бас тартады?» деген сұраққа жауап берген вице-министр мұны жылжымайтын мүліктің болуымен байланысты деп түсіндірді.
«Соттан тыс банкроттық – 1600 АЕК-ке дейінгі сома. Дәл осы санат бойынша азаматтар смартфон, тұрмыстық техника, түрлі қажеттіліктерге тұтынушылық несие алған. Бірақ бұл адамдардың көпшілігінің мүлкі бар. Соттан тыс банкроттықтың ең маңызды критерийі мүліктің болмауы болып табылады. Яғни 2-3 миллион теңге қарызы болса, пәтері бар азаматты қалай банкрот деп жариялаймыз?», – деді Біржанов.
Ержан Біржанов мұндай жағдайда төлем қабілеттілігін қалпына келтіру қарастырылғанын айтады.
Соттан тыс банкроттықты рәсімдеу жеңілдетіледі
Мәжіліс депутаттары жеке тұлғалардың банкроттығын рәсімдеу барысын жеңілдетуді жоспарлап отыр. Бұл ақпаратты Мемлекеттік кірістер комитеті растаған еді.
Өзгеріс соттан тыс банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру бойынша қабылданбақ. Ақпаратқа сүйенсек, аталған түзетулер қазір Мәжілісте қаралып, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында енгізілмек.
Заң 2023 жылғы 3 наурыздан бастап күшіне енді
Еске сала кетсек, 2023 жылғы 3 наурыздан бастап елімізде «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілетін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң күшіне енді. 2023 жылдың қазан айында Үкімет проблемалық қарыз алушыларды қамтуды кеңейту мақсатында Қаржы министрлігіне соттан тыс банкроттық рәсімін жеңілдету туралы тапсырма берген.
Дүниежүзілік банк Қазақстан мен Өзбекстан тәжірибесі негізінде Орталық Азиядағы жеке тұлғалардың банкроттық тетіктерін салыстыратын құжат жариялады. Онда қаржы ұйымы Қазақстандағы жеке тұлғалардың банкроттығы рәсімін сынға алды.
Өзін банкрот деп жариялағысы келетіндер Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, электронды үкімет порталы сондай-ақ «e-Salyq Azamat» немесе «eGov Mobile» мобильді қосымшасы арқылы өтініш бере алады.
Сонымен қатар 1414 нөміріне телефон шалып, немесе https://t.me/SalyqBot Telegram чат-ботына сұрақтар қоюға болады.
Банкроттыққа өтініш берген соң, соттан тыс банкроттық туралы шешім шыққан-шықпағанын тексеруге болады. Ол үшін tazalau.qoldau.kz сайтына кіріп, өз ЖСН мен аты-жөніңді енгізу керек.
Айта кету керек, соттан тыс банкроттық рәсімі тегін жүргізіледі