5 наурыздағы сауда сессиясын тарихи жоғары деңгейде жапқан алтын бағасы сәрсенбі күнгі сауда барысында біршама төмендеді.
6 наурыз күні Нью-Йорк Comex биржасында алтынның сәуір айындағы келісімшарттары бойынша баға 0,3%-ға төмендеп, бір унция үшін 2135,2 долларды құрады. Бір күн бұрын баға тарихтағы ең жоғары көрсеткішке жетіп, сауда сол межеде жабылған. Ол кезде бағалы металдың бір трой унциясы 2141,9 болды.
Global X сарапшыларының айтуынша, соңғы бес сессияда құнды металдың бағасы шамамен 5%-ға қымбаттады. Бұл нарық үшін күтпеген жағдай болды.
«Нарық қазір АҚШ-тағы пайыздық мөлшерлеменің төмендеуін күтуде. Бұл әдетте пайызсыз әрі тұрақты активтер үшін оң ықпал етеді. Бірақ ФРЖ саясатына қатысты белгісіздік жоғары. Сонымен қатар доллар әлемдегі көптеген валютаға қатысты нығаюда. Бұл алтынның күшеюінің артында басқа факторлардың бар екенін көрсетеді», – деді сарапшы.
Бұндай көрсеткіш соңғы 2 айдан бері байқалуда
Еске сала кетсек, 3 наурыз әлемдік алтын бағасы екі айдың ішінде ең жоғары деңгейге көтерілген еді.
Чикаго тауар биржасында (CME) алтын келісімшартының құны 1,93%-ға өсті. Бағалы металл өзінің «құнды» болуының арқасында бір унция үшін 2094,3 долларға жетті. Бұл – соңғы екі айдағы ең жоғары деңгей. Дәл осы бағамен алтын 2023 жылдың 28 желтоқсан айында сатылған еді. Бұл туралы РБК сайты хабарлаған.
TD Securities-тің жетекшісі Барт Мелектің айтуынша, орталық банктердің барлығы алтынды белсенді сатып алуды қолдайды. Сондықтан алтын құны одан әрі өсе түседі. Өйткені Барт Мелек ФРЖ-ның жылдың ортасына қарай ақша-несие саясатын жеңілдететініне сенімді болды.
«Үш-төрт айдан кейін, егер біз нашар экономикалық деректерді көрсек және нарық ФРЖ ставкаларды төмендетуге дайын екеніне сенімді болса, алтын бағасы рекордқа жетеді», – деді спикер.
Bloomberg ақпаратына сүйенсек, екі айдағы ең жоғарғы деңгейге қол жеткізуге АҚШ-тың өндірістік секторының көрсеткіштері де ықпал еткен.
Ұлттық банк 2023 жылы алтын сатудан әлемдік рекорд орнатты.
2023 жылы Қазақстанның Ұлттық банкі алтын сатуда әлемдік көшбасшыға айналған. Былтыр бас банк 57,43 тонна алтын сатып, халықаралық резервтегі алтын көлемін қысқартты. Өзге елдердің Орталық банктері, керісінше, алтын сатып алуды арттырған.
Әлемдік сұраныстың артуы және алтын бағасының қымбаттауы аясында ҰБ халықаралық резервіндегі алтын үлесі 54,2%-ды құрады. Бұл ҰБ-ның 50-55 пайыз деңгейіндегі жоспарына сай келеді.
Есесіне дамушы елдердің орталық банктері алтын сатып алуда соңғы 20 жылдағы рекордты орнатқан.