Сәуірде Сауд Арабиясы Азия елдеріне жеткізілетін мұнай бағасын көтермек. Алайда басқа аймақтар үшін «қара алтын» бағасын арзандатады. Бұл шешім сәуірде күшіне енеді.
Азия елдеріне жеткізілетін Arab Extra Light және Arab Light маркалы шикізат барреліне 0,2 долларға қымбаттайды. Нәтижесінде Оман/Дубай «қара алтыны» бағасынан асып түсті. Яғни барреліне 1,7 долларға жоғары болады. Осылайша аталған маркалардың құны барреліне 0,3 долларға өседі.
«Еуропа елдері үшін мұнай бағасы барреліне 0,6-0,7 долларға, АҚШ үшін барреліне 0,1-0,2 долларға төмендейді», – деп хабарлады Saudi Aramco мемлекеттік компаниясы.
Жыл басында «қара алтын» құны Таяу Шығыс пен Ливиядағы шиеленістің күшеюіне байланысты құбылды. Сарапшылардың пайымынша, әлемдік «қара алтын» нарығына Таяу Шығыс пен Ливиядағы шиеленістің күшеюі ықпал етті.
Еске сала кетсек, Энергетика министрі ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында Қазақстандық мұнай қай елдерге экспортталғанын айтқан еді.
Министр мұнай экспорты да өскенін айтты. Көрсеткіш 70,5 миллион тоннаны немесе 109,6%-ды құраған. Каспий Құбыр Консорциумының қазақстандық учаскесіндегі кедергілерді жою жобасы аяқталған. Бұл жоба өткізу қабілетін жылына 72,5 млн тоннаға дейін арттырды.
«Қазақстандық мұнайды «Транснефть» ЖАҚ жаңа жүйесі арқылы «Шведт» МӨЗ бағытындағы «Дружба» мұнай құбыры арқылы Германияға 1 млн тонна көлемінде тасымалдау қамтамасыз етілді. Қазақстан мұнайын «Баку-Тбилиси-Джейхан» жүйесі арқылы 1 млн тонна көлемінде тасымалдады. Бұл Ақтау порты арқылы Махачкала және Баку бағытындағы мұнай экспортын 3,4 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. 2022 жылмен салыстырғанда 52%-ға жоғары. Қазақстандық мұнайдың Қытайға экспорты 1,2 млн тонна көлемінде. Өзбекстанға т/ж бойынша 0,065 млн тонна көлемінде қамтамасыз етілді», – деді Энергетика министрі алқа отырысында.
Сонымен қатар Ресей мұнайының ел аумағы арқылы транзит көлеміне тоқталған. Көрші мемлекет мұнайы біздің ел арқылы Қытайға – 10 миллион тонна, Өзбекстанға – 0,15 миллион тонна мұнай жеткізеді. Ал «Дружба» жүйесі бойынша мұнайды 1,2 миллион тонна көлемінде, сондай-ақ Баку-Тбилиси-Джейхан бағытында тиісінше 2024 жылға 1,5 миллион тонна көлемінде тасымалдау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Еске сала кетсек, былтыр Қазақстанның «Баку-Тбилиси-Джейхан» бағытындағы экспорты 20 есеге жуық ұлғайды.