Қазақстан Қырғызстанға электр энергиясының артық сағаттарын ғана сатады

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстан Қырғызстанға электр энергиясының артық сағаттарын ғана сатады / коллаж kursiv.media

Қазақстан Қырғызстанға 2023 жылғы қыркүйектен бастап 2024 жылғы сәуірге дейін 1500 млн кВт/сағ дейін электр энергиясын жеткізуге тиіс. Бұл Қазақстан мен Қырғызстанның су шаруашылығы және энергетика ведомстволары басшыларының су-энергетикалық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі уағдаластыққа сай жүзеге асырылады.

Оған сәйкес «ЖЭК бойынша РФО» ЖШС (электр энергиясын бірыңғай сатып алушы) мен «электр станциялары» ААҚ арасында Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесіндегі электр энергиясының артық сағаттарында ғана экспорттық электр энергиясының жоспарлы көлемін сатуға шарт жасалды, – делінген Энергетика министрлігі таратқан хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, электр энергиясын жеткізу оңтүстік өңірдегі суармалы судың қажет көлемімен одан әрі қамтамасыз ету мақсатында Тоқтоғұл ГЭС-на судың қажет деңгейін жинақтау үшін жүзеге асырылады.

Бұл ретте, Қырғызстан энергия жүйесі ішінде электр энергиясын одан әрі бөлу Қырғызстан энергетиктерінің айрықша ішкі құзыреті екенін атап өткен жөн.

Айта кетейік, Қазақстанда 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымында электр қуатының тапшылығы шамамен 1 025 МВт болады. Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов осылай деп мәлімдегенін жаздық.

Басқарма төрағасының айтуынша, 2024 жылдың қазанынан 2025 жылдың наурызына дейін электр энергиясы бойынша да, қуаты бойынша да тапшылықтар болатынын айтты.

Болжамды максималды электр жүктемесі 17,4 ГВт және зауыттың генерациясы 16,4 ГВт болғанда тапшылық шамамен 1,025 ГВт болады. Оны негізінен Ресей Федерациясынан келетін импорт есебінен немесе Қазақстандағы тұтынушыларды шектеу есебінен жабуға болады, – деді Айтжанов.

«KEGOC» компаниясының бір жылғы табысы қанша

«KEGOC» АҚ-ның 2023 жылы таза пайдасы 42,7 млрд теңге болған. Бұл жайлы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

«Жедел деректерге сәйкес, «KEGOC» АҚ-ның 2023 жылғы жалпы пайдасы 2022 жылмен салыстырғанда 39%-ға өскен.Яғни 50,9 млрд теңгеден 70,5 млрд теңгеге дейін өсті. Түсім 251,9 млрд теңгені құрап, 2022 жылға қарай 34,7 млрд теңгеге немесе 16%-ға өсті. Өсу негізінен реттеліп көрсетілетін қызметтердің көлемі мен тарифтерінің ұлғаюына байланысты болды»,– делінген хабарламада.

Осылайша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша компанияның таза пайдасы 42,7 млрд теңге деңгейінде қалыптасқан. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 15,9 млрд теңгеге немесе 60%-ға жоғары. Ол жылы таза пайда – 26,7 млрд теңге болған. 

Сондай-ақ оқыңыз