2024 жылы реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтер бағасы 20-
25% деңгейінде өседі. Бұл туралы Ұлттық Банк «2024 ақпан. Ақша-кредит саясаты туралы баяндамасында» жазылды.
Инфляцияның сервистік құрауышын жеделдетіп, реттеліп көрсетілетін қызметтердің бағасы өсе береді.
«2024 жылы реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтер бағасы өсуі 20-
25% деңгейінде күтіледі, ал оның инфляцияға үлесі 2023 жыл деңгейінде бағаланады», – делінген баяндамада.
2025-2026 жылдары елімізде жылдық инфляция баяу қарқынмен болса да төмендейді. Бұған қалыпты-қатаң ақша-кредит жағдайлары, инфляциялық күтулердің төмендеуі, Қазақстанның сауда әріптес елдерінде инфляция өзінің нысаналы мәндеріне қайта оралуы және әлемде азық-түліктің бағасы төмендеуінің жалпы үрдісі ықпал етеді.
Нәтижесінде 2025 жыл соңына қарай инфляция 5,5-7,5% аралығында қалыптасады, 2026 жылдың соңында 5-6%-ға дейін төмендейді.
Қазақстанда коммуналдық тариф орта есеппен 20-25%-ға қымбаттаған. Бұл туралы бұған дейін Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов айтқан болатын.
Сенаттың жалпы отырысынан кейінгі брифингте журналист вице-министрден: «Неге коммуналдық қызметтің төлемақысы әркімге әртүрлі келеді?» – деп сұрады. Бірінші вице-министр коммуналдық тарифтің құны біркелкі өспейтінін алға тартып, тариф кей өңірде жоғары, кей өңірде төмен екенін түсіндірді.
Журналист: «Коммуналдық қызмет ақысы алдағы уақытта тағы өсе ме?» – деп нақтылады. Бұл сұраққа Тимур Жақсылықов: «Бұған дейін еліміздің коммуналдық саласына тиісті деңгейде қаржы бөлінбеген. Түрлі апаттардың алдын алу үшін инфрақұрылымды жаңартып, инвестиция тарту керек. Инвестиция тартудың 2 көзі бар. Біріншісі, тариф пен тұтынушылар. Екіншісі, бюджет пен салық төлеушілер. Салық төлеушілер дегеніміз – тұтынушылар, ал тұтынушылар дегеніміз – салық төлеушілер, яғни біз бен сіз», – деп жауап берді.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі коммуналдық қызмет тарифі қымбатшылықтан құтыла алмайтынын айтты.
«Егер біз сумен жабдықтау, жылу, энергетика жүйесі дұрыс жұмыс істесін десек, оған қаржы құю керек. Тариф өсе береді, бірақ қандай қарқынмен өсетінін айта алмаймын», – деді Тимур Жақсылықов.
2023 жылдың соңында Ұлттық экономиканың бұрынғы министрі Әлібек Қуантыров 2024 жылы коммуналдық тариф 15-30%-ға қымбаттайтынын айтқан болатын.
«Коммуналдық тарифтер әр өңір, нысан, инфрақұрылымның тозуына байланысты әртүрлі қымбаттайды. Баға 15-30% көтеріледі» , – деген экс-министр.