«Әуе апаттардың тергеуін тәуелсіз органға тапсыру керек»: Депутат ұшақ апаттарын тексеруді ТЖМ-ге беруді талап етті
Депутат Асқар Садықов осы уақытқа дейін әуе ұшақтарында апаттық жағдайға дейін әкелген оқиғаларды жасырып келген Көлік министрлігінің жұмысын сынға алды. Мәжілісмен авиациядағы әуе апаты мен қақтығыстарын тергеу жұмыстары дұрыс ұйымдастырылмағанын айтты.
Мәжілісмен өткен аптада «Fly Arystan» қазақстандық әуе тасымалдаушысының ұшағы Дели қаласының әуежайында ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, «Air India» әуе компаниясының ұшағына соқтығыса жаздағанын еске салды. Айтуынша, Үнді ұшқыштарының қырағылығы ғана әуе апатының алдын алған.
«2023 жылдың соңында Тараз қаласының әуежайы аумағында екі қазақстандық ұшақтың әуеде соқтығысып қала жаздағаны туралы ақапарат тараған еді. Сәті түсіп, адамдар бұл апатта аман қалды. Бәрінен де жұмған ауыздарын ашпай, болған жәйтті қоғамға хабарламай отырған әуе апаттары мен қақтығыстарын зерттейтін өкілетті орган – Көлік министрлігінің ұстанымы наразылық тудырады», – деді Садықов үкімет басшысына жолдаған сауалында.
Асқар Садықов қазіргі уақытта азаматтық авиацияда әуе апаттары мен қақтығыстарын тергеу бойынша мемлекеттік функцияларды атқару Көлік министрлігінің Әуе апаттарымен қақтығыстарын зерттеу басқармасына жүктелгенін атап өтті. Оған қоса Көлік министрлігі қарамағында азаматтық авиация саласындағы өзге де функцияларды атқаратын екі орган бар. Олар – Азаматтық авиация комитеті мен «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі».
«Яғни Көлік министрлігінің қызметінде бұл мәселеде нақты мүдде қақтығысы туындайды. Бұл өз кезегінде әуе апаттары мен қақтығыстарын объективті түрде тергеуге кері ықпал етіп, көріп отырғандай апаттар туралы ақпаратты жасыруға да алып келуі мүмкін», – деп мәлімдеді ол.
Депутат осындай қарама-қайшылық туындамас үшін азаматтық авиациядағы ұшақ апаттарын, қақтығыстарын тергеуді Көлік министрлігінен алып тастауды ұсынды. Оның орнына тәуелсіз органы – Төтенше жағдай министрлігіне берілсе деген талабын жеткізді.
1941 жылдан бері елімізде 89 әуе апаты болыпты. Бұл Ресеймен салыстырғанда 16 есе аз болғанымен, Қырғызстанмен салыстырғанда 4 есе көп көрсеткіш. Соңғы 10 жылдықтың өзінде екі ірі әуе апаты болды. Қазақстан азаматтық авиациясының сапасы аса жоғары емес. Қызмет ұсынушы компания саны өте аз. Бәсекелестік жоқтың қасы. Ал тұтынушылар саны жыл санап өсіп бара жатыр.