«BEEF EXPORT GROUP» ЖШС ет өңдеу кәсіпорны директорының басшылығымен ұйымдасқан топқа қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті хабарлады.
Аталған адамдар тобы ұзақ уақыт бойы «ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамыту» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде мемлекет субсидия ретінде бөлген бюджет қаражатын ұрлаумен айналысқан.
«Мемлекетке 3 млрд теңгеден астам шығын келтірген. Сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктілермен 107 млн теңге өтеліп, 3,1 млрд теңге мүлкіне тыйым салынды», – деп жазылған хабарламада.
Қылмыстық схемаға 49 адам тартылған. Олардың 13-і ұйымдасқан топтың мүшелері. Оларға субсидияларды жымқыру, салық төлеуден жалтару, заңсыз кәсіпкерлік қызмет, қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру, лауазымды тұлғаларға пара беру және құжаттарды қолдан жасау күдігімен айып тағылуда.
«Ұйымдасқан топтың басшысы өзінің бақылауындағы компанияның қызметіне салықтық тексеру жүргізген мемлекеттік қызметшіге қатысты зорлық-зомбылық әрекеттерін қолданды деп күдіктелуде», – деп хабарлады ҚМА.
Сондай-ақ Қостанай, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарының 30 шаруа қожалықтарының басшылары мен өкілдері іс бойынша күдікті деп танылды.
Бұдан басқа, сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде «Қостанай облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы» ММ-нің 3 лауазымды тұлғасына ақша қаражатын ұрлауға және пара алуға жәрдемдесті деген күдік тағылуда.
7 ветеринарлық дәрігердің құжаттарды қолдан жасап, ақпараттық жүйеге көрінеу жалған ақпарат енгізгені анықталды. Сондай-ақ заңсыз сыйақылар алғаны үшін айып тағылды.
Еске сала кетсек, 2021 жылы Қостанай облысында осыған ұқсас жағдай болған. Ол кезде агроөнеркәсіптік кешенде субсидия жымқырылған. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 161 млн теңгеден астам бюджет қаражаты ұрланған.
Кейін Түркістан облысында мемлекеттен бөлінген 250 млн теңге субсидия ұрланған. Нәтижесінде 250 млн теңге жымқырылған және мақсатқа сай пайдаланылмаған.