Алматының Бостандық ауданындағы инженерлік желілерді жаңартуға  7 млрд теңге жұмсалады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Алматының Бостандық ауданындағы инженерлік желілерді жаңартуға  7 млрд теңге жұмсалады / коллаж Kursiv.media

Алматы қаласының Бостандық ауданындағы 7,5 км инженерлік желілерді жаңартуға 2024 жылы бюджеттен 7 млрд теңге бөлінген. Бұл туралы аудан тұрғындарымен кездесуде қала әкімі Ерболат Досаев айтты.

Жоспарланған 7,5 км инженерлік желілердің ішінде 500 метр кәріз желілері, 5,3 км жылу желілері, 1,7 км орташа қысымды жер асты газ құбыры бар.

«2024 жылы жергілікті бюджет есебінен Ремизовка және Ерменсай шағын ауданында 16 км электр желілерін қайта жаңарту жоспарланған. «АЖК» АҚ инвестициялық жобасы аясында 50 км электр қуатының, 13 трансформатор подстанциясы мен 3 тарату пунктін жаңғырту жоспарланып отыр. Қосымша 91 км әуе электр желісі мен 105 трансформатор подстанциясы ағымдағы жөндеуден өтеді», – деді әкім.

Бұдан бөлек, ауданда 33 көшеде 30 км жолға орташа жөндеу, 500 млн теңгеге 30 мың шаршы метрге асфальт жабындысын қалпына келтіре отырып, ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланған.

Ал «Халық қатысатын бюджет» жобасына осы жылы ауданда 2,8 млрд теңге бөлінген. Айта кетейік, 2023 жылы бұл жоба аясында 800 млн теңге бөлініп, 16 жоба іске асқан.

«Биылғы жылы жаяу жүргіншілер-серуендеу және саябақ аймақтарын абаттандыру, балалар, спорт алаңдарын жөндеу және ауданды абаттандыру бойынша 50 жаңа жобаны жүзеге асыру үшін сома 2,8 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды.  Бұлардағы жұмыстарды аяқтау мерзімі – 2024 жылдың соңы», – деді Досаев.

Сонымен қатар аудан тұрғындары әкімге автотұрақ пен бизнес орталықтардың құрылысы туралы сұрақ қойып, олардың халық төтенше жағдай кезінде жиналған саябақтарда салынып жатқанын айтқан.

«Алматыда автотұрақтарға қатысты проблемалар бар. Төтенше жағдай кезінде де эвакуация болғанда құтқару қызметінің де көліктері еркін жүру керек. Автотұрақ болмағандықтан аулаларда көлік толып, құтқарушылардың жолы жабылады. Бұқар жырау бульвары маңына шамамен 200 автотұрақ салынады. Мен саябақты көбейтуге тырысып келемін. Қала әкімдігіне тиесілі барлық жерде саябақ бар. Өткен жылы біз 37 млрд теңгеге, биыл — 45 млрд теңгеге жер сатып алдық», – деп жауап берді әкім.

Алматыға тартылған инвестициялар

Айта кетейік, 2023 жылы Алматы экономикасына 484 млрд теңге инвестиция тартылып, биылғы 5 айда мегаполис экономикасы қарқынды түрде өскенін жазған едік.

«Сауда, өңдеу өнеркәсібі, көлік және қоймалау экономика өсімінің драйверлері болды. Негізгі капиталға 484 млрд теңге инвестиция тартылды. Жеке инвестициялар 2,7%-ға өсті. Еңбек нарығындағы жағдай тұрақты. Жыл басынан бері 29,4 мың жұмыс орны ашылды, оның 60%-ы тұрақты. 2023 жылдың қорытындысы бойынша қала экономикасының өсуі 5-5,5% деңгейінде бағаланады», – деді қала басшысы. 

Сонымен қатар әкім биыл Алматы қаласының полицентризм принциптеріне негізделген 2040 жылға дейінгі Бас жоспары бекітілгенін сол жоспарға сәйкес 2040 жылға қарай халық саны 3 млн адамға дейін көбеюі болжанып отырғанын айтты. Халық санының және экономиканың орташа жылдық 5%-ға өсуін ескере отырып, 5 полицентр құрылымын біркелкі қалыптастыру қарастырылған. Білім беру және денсаулық сақтау объектілері қолжетімді болады. 200 жаңа мектеп және 80-нен астам медициналық мекеме салынады. Қоғамдық көліктің үлесі 60%-ға дейін ұлғайтылады. 210 км жаңа жолдар, 3,6 мың км инженерлік желі және ауданы 2 750 га жаңа саябақтар мен скверлер салынады

Сондай-ақ оқыңыз