Германияда пойыз машинистері мен әуежай қызметкерлері ереуілге шықты
7 наурызда Германияда пойыз машинистері мен әуежай қызметкерлері ереуілге шықты. Кәсіподақ өкілдері ереуілдің 35 сағатқа созылатынын хабарлаған. Себебі олар апталық жұмыс уақытын 35 сағатқа қысқартуды талап етіп отыр.
DW басылымының ақпаратына сүйенсек, Берлин уақытымен сәрсенбі күні кешке басталған ереуіл жұма күні таңға дейін жалғасады. Lufthansa авиакомпаниясының әуежайдағы қызметкерлері мен Deutsche Bahn теміржол компаниясының машинистері 35 сағат бойы жұмысқа шығудан бас тартқан.
Ереуілге шыққандардың басты талабы 1 аптадағы жұмыс уақытын 48 сағаттан 35 сағатқа қысқарту болып отыр. Осыған дейін компаниялар жұмыс уақыты қысқарған жағдайда қызметкерлердің еңбекақысы да қысқаратынын айтқан. Алайда кәсіподақ өкілдері жұмыс уақыты қысқарғанымен, жалақыны қысқартпау керектігін айтып қарсылық акцияларын ұйымдастырып жатыр.
Осыған дейінгі ереуілдері туралы кәсіподақ өкілдері 48 сағат бұрын ескерту жасағандықтан, компаниялар кестені өзгертпей, жаңа стратегия жасап үлгерген. Алайда енді кәсіподақ ереуілге ескертусіз шығамыз деп отыр.
«Ескертусіз ереуілдер компанияларға кризистік стратегия жасауға кедергі келтіреді. Осылайша теміржол мен әуе жолы сенімді транспорт болмайды», – дейді GDL кәсіподағының басшысы Клаус Везельски.
Қазіргі таңда Ver.di кәсіподағының өкілдері Гамбур, Франкфурт және Дюссельдорф әуежайларының қауіпсіздік қызметі жұмысшыларын ереуілге шығуға шақырды.
Жыл басынан бері болып жатқан ереуілдер нәтижесінде теміржол кестелері қайта-қайта өзгерген. 11 әуежайда мыңнан астам рейс кейінге қалдырылған.
6 наурызда Air Astana әуекомпаниясының Германия бағытындағы ұшу және ұшып келу рейстерінің уақытша тоқтағанын жазған едік.
«Германияға және Германиядан ұшатын жолаушылар назарына! Air Astana 2024 жылдың 07 наурызында Франкфурт әуежайында авиациялық қауіпсіздік қызметкерлерінің ереуілі салдарынан KС921/KС922 Астана-Франкфурт-Астана рейстерінің орындалмайтыны туралы хабарлайды»,- делінген компания хабарламасында.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы рейстердің жолаушыларына тиісті SMS хабарламалары жіберілген. Сонымен бірге бұл рейстердің жолаушыларына сервис ақысынан басқа билеттің пайдаланылмаған бөлігі толық қайтарылады. Жолаушылар қалауына қарай билеттің құнын толық қайтара алады. Болмаса 2024 жылдың 14 наурызына дейін орындалатын рейстерге айыппұлсыз билеттерді қайта броньдай алады.