Ақмола облысының табиғат қорғау прокуратурасы тексеру жүргізгеннен кейін 420 гектардан астам орманды сақтап қалды.
Ведомство ақпаратына сүйенсек, прокурорлар орман шаруашылықтары мен ұлттық парктердің орманды кесу көлемін негізсіз асыра көп есептеу фактілерін анықтады.
«Анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының атына прокурорлық қадағалау актісі енгізілді», -делінген хабарламада.
Тексеру жұмыстары нәтижесінде 16 орман шаруашылығы мен ұлттық парктер кесуге тырысқан 108,9 мың текше метр орманның 46% немесе 50 мың текше метрден астамы кесілмейтін болды. Жалпы алғанда прокурорлар 420 гектардан астам орманды сақтап қалды.
Өңірлік орман шаруашылығы инспекция бөлімінің жауапты басшысы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Орман шаруашылығы комитетіне бөлінген қаржы
2023 жылдың маусым айында премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев былтыр орман шаруашылығы комитетін қаржыландыруға қанша қаражат бөлінгені және үш жылдық бюджетіне қатысты сұраққа жауап берген.
«2023-2025 жылдарға арналған үш жылдық бюджетте 121,5 миллиард теңге, биылға 52,7 миллиард теңге қарастырылған. Ал былтыр бөлінген сома одан да аз, нақты есімде жоқ», – деді Жамаубаев.
Үкімет отырысынан кейін журналист «неге мұндай жағдай болды? Жауапты министрлік қаржы сұрамағаннан немесе қаржы министрлігі қаражат бөлмегеннен болды ма?», деп сұрады.
«Белгілі бір нормативтер бар, біз сол нормативтер бойынша министрлікті қаржыландырамыз. Бір жыл ішінде барлық техниканы жаңарту мүмкін емес екені анық. Қарау керек», – деді министр Үкімет кулуарында.
Айтуынша, орман шаруашылығы комитетін қосымша қаржыландыру әзірге қарастырылмаған. Қанша көлемде қаражат керек екені анықталады.
«Алдын ала залал туралы әлі айта алмаймыз, себебі әлі өртеніп жатыр. Сол себепті барлық жұмыстың аяқталғанын, оның ішінде Роман Склярдың басшылығымен жұмыс істейтін комиссияның жұмысын күтейік», – деді Жамаубаев.