Жалпы, әйелді құрметтей білген қоғамды мәдениетті, өркениетті қоғам деуге болады – Президент
Президент Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік шараға қатысып, салтанатты жиынға қатысқандарды мерекемен құттықтап сөз сөйледі.
«8 наурыз – көктем мерекесі. Бұл – сұлулықтың, мейірім мен жылулықтың символына айналған мереке. Біз, ер-азамат болып, сіздерді жоғары бағалаймыз, құрметтейміз және жақсы көреміз. Нәзік жандарға деген біздің ықыласымыз, ілтипатымыз әрдайым ерекше. Жалпы, әйелді құрметтей білген қоғамды мәдениетті, өркениетті қоғам деуге болады. Дана халқымыз қашанда анасын ардақтап, аруларын сыйлай білген. Қыздарын қадірлеп, төріне шығарған. Бұл – ежелден қанымызға сіңген асыл қасиет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы елдіктің жүгін ер-азаматтармен қатар көтеріп, адал еңбек етіп жүрген әйелдер қауымына алғыс айтты. Сондай-ақ мемлекет тарапынан оларға әрдайым қолдау көрсетілетінін жеткізді.
«Менің бастамаммен өкілді билік саласында сіздерге арнайы квота бөлінді. Қазіргі таңда Парламент пен мәслихаттардағы әйелдердің үлесі артты. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді. Қыз-келіншектер Отанымызды дамытуға елеулі үлес қосып жатыр. Өз кәсібін дөңгелетіп жүрген белсенді әйелдеріміз аз емес. Сондай-ақ өндірісте, ғылымда және спортта табысқа жеткен аруларымыз көп. Қазақстандағы ұстаздардың басым көпшілігі – әйелдер. Сіздер жас ұрпақты отаншылдыққа, білімпаздыққа, еңбекқорлыққа баулып жүрсіздер. Ұлт саулығын жақсартуға зор еңбек сіңіріп келесіздер. Қазақстанның көркеюіне елеулі үлес қосып жүрген осындай жандар зор құрметке лайық. Бұл – керемет үрдіс», – деді Президент.
Қазақстанда мемлекеттік қызметтегі әйелдер үлесі 10 пайызға жетпейді. Бұл жайлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр резервінің форумында айтқан еді.
«Мемлекеттік аппараттағы әйелдердің үлесі 55 пайызға жуықтағанына қарамастан, басшылық құрамда бұл көрсеткіш 39 пайыздан аспайды. Өз тәжірибемнен білетінім, әйелдерді қызметке тарту керек. Біріншіден, ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты қарайды. Ер адамдармен салыстырғанда, жемқорлық әрекеттерге бейім емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің статистикасы соған меңзейді. Саяси қызметкерлер арасында да елеулі теңсіздік байқалады. Олардың қатарындағы әйелдердің саны 10 пайызға жетпейді. Мемлекеттік қызметтегі жастардың үлесіне қатысты да диспропорция бар. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің, жастардың және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың санын көбейту керек. Олардың, әсіресе, басшылық құрамда қызмет етуіне барынша мүмкіндік берген жөн, – деген еді президент.
Мемлекет басшысы сонымен бірге ғалымдарды, сарапшылар мен белсенді азаматтарды, әсіресе, еріктілерді қызметке тартудың маңыздылығына да тоқталды. Жас мамандарды мемлекеттік қызметке бейімдеу үшін Тәлімгерлік институтын жандандыру қажет деп санайды.