Қазақстанның кей өңірлерінің тұрғындары 1 млн теңге жинау үшін 4 жыл жұмыс істеуі керек

Жарияланды
1 млн теңгені тез жинауға
1 млн теңгені тез жинауға болатын өңірлер ішінде Ұлытау көш бастап тұр / Фото: Shutterstock

1 млн теңгені тез жинауға болатын өңірлер анықталды. Экономикалық зерттеулер институтының зерттеуінше 5 өңірде 1 млн теңгені тез жинау мүмкіндігі жоғары екен.

Институт сарапшылары 2023 жылғы өңірлер бөлінісінде орташа жалақы бойынша ресми статистика деректерін пайдалана отырып,  Ұлытау, Маңғыстау, Атырау облыстарының, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларының тұрғындары 2-3 жыл ішінде 1 млн теңге жинақтай алады деген тұжырым жасаған.  

Ал СҚО, Жетісу, Алматы және Жамбыл облыстары тұрғындарына қор жинау қиынырақ болайын деп тұр. Бұл өңірлерде 1 млн теңге жинақтау үшін шамамен 4 жыл қажет болады екен. 

Институт есептеулерін медиандық жалақы көрсеткіштеріне сүйене отырып әзірлеген. Ал медиандық жалақы дегеніміз әдетте орташа айлық жалақыдан біршама аз болады.

Институт есептеулеріне сәйкес медиандық жалақы көрсеткіштері келесідей:
  • Ұлытау – 392 283;
  • Маңғыстау облысы – 323 778;
  • Атырау облысы – 322 365
  • Астана қаласы – 297 332
  • Алматы қаласы -283 280
  • Қарағанды облысы – 269 939
  • Павлодар облысы – 261 708
  • Ақтөбе облысы – 252 334
  • Шығысы Қазақстан облысы – 251 799
  • Қостанай облысы – 233 236
  • Ақмола облысы – 230 999
  • Батыс Қазақстан облысы – 222 094
  • Түркістан облысы – 222 054
  • Абай облысы – 218 693
  • Шымкент қаласы – 215 906
  • Алматы облысы – 213 464
  • Жамбыл облысы – 212 624
  • Жетісу облысы – 196 693
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 187 125

Еске сала кетсек, күзде Ұлттық статистика бюросы 2023 жылдың ІІІ тоқсанда еліміздегі орташа айлық жалақы көлемінің 350 542 теңгені құрағанын хабарлады. Бюро мәліметтеріне сенсек, бұл көрсеткіш 2022 жылдың ІІІ тоқсанымен салыстырғанда 16,9% артық.

Өңірлік бөліністе 2022 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 2023 жылдың III тоқсанында орташа айлық атаулы жалақы ең жақсы өскен облыстар: Жетісу облысында – 21,1%, Алматы қаласында – 20,8%, Қызылорда облысында – 20,7%. Ең төменгі өсім Алматы облысы (8,5%) және Солтүстік Қазақстан облысына (11,3%) тиесілі.

Ең жоғары жалақы алатын өңір – Атырау облысы. Бұл өңірдегі орташа айлық атаулы жалақы – 612 мың теңге. Ал ең төменгі жалақы Түркістан облысында тіркелген. Бұл өңірдің тұрғындары орта есеппен 248,9 мың теңге алады екен.

2024 жылдан бастап ең төменгі еңбекақы 85 мың теңге болады.  Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында жасаған Жолдауында мәлім етті.

Айта кетерлігі, елімізде ерлер мен әйелдер арасындағы жалақы айырмашылығы айтарлықтай. Finprom.kz сайтының дерегінше, ол 33,7% құрайды. 2022 жылы ерлердің жалақысы орташа есеппен 355,3 мың теңге, бір жылда 26,3% көбейген, әйелдердікі — 265,8 мың теңге, 20,7% көбейген.

Сондай-ақ оқыңыз