Жаңалықтар

Денсаулық министрлігі энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу туралы құжатты ашық талқылауға шығарды

энергетика сусындарды
Энергетикалық сусындарды автоматтандырылған машиналарда сатуға тыйым салынуы мүмкін / shuttestock

Денсаулық сақтау министрлігі балалар мен жасөспірімдерге энергетикалық сусындарды сатуды шектеуді көздейтін арнайы құжат әзірледі. Ол құжат «Ашық НПА» порталына орналастырылды.

Бұл құжатта Денсаулық министрлігі 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу мәселесі қарастырылған.

«Қазақстанда балалар, жасөспірімдер мен жастар арасында олардың денсаулығы мен дамуына кері әсер ететін энергетикалық сусындарды жоғары тұтыну байқалады. Қазіргі уақытта жасөспірімдерге арналған автоматтарда ЭС сатуға толық тыйым салынған жоқ. Дегенмен, елде жасөспірімдердің денсаулығына ЭС әсерін бағалауға және оларды сатуға шектеулерді енгізуге бағытталған іс-шаралар мен зерттеулер жүргізілуде. Қазіргі уақытта 21 жасқа толмаған тұлғаларға ЭС сатуға тыйым салуды енгізу бойынша РӘТ әзірленді және келісілді», – делінген құжатта.

Энергетикалық сусындар құрамында кофеин мен қанттың жоғары концентрациясы, сондай-ақ жасөспірімдердің денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін басқа белсенді ингредиенттер бар. Сонымен бірге энергетикалық сусындарды көп мөлшерде тұтыну жүрек-қан тамырлары проблемаларына, ұйқышылдыққа, тітіркенуге және басқа да жағымсыз әсерлерге әкелуі мүмкін.

Сонымен бірге министрлік зерттеуіне сәйкес мұндай сусындарды тұтыну жасөспірімдерде әдетке немесе тәуелділікке айналуы мүмкін. Бұл дұрыс емес тамақтану әдеттеріне әкеледі. Сондай-ақ физикалық белсенділіктің төмендеуіне және темекі шегу немесе алкогольді ішу сияқты жаман әдеттерге әкелуі мүмкін екен.

Алматы халқы жыл сайын 9 млн литр энергетикалық сусын тұтынады

Министрлік мәліметінше энергетикалық сусындар нарығының көлемі жыл сайын артып келеді. Euromonitor International деректері бойынша 2022 жылы Қазақстан Республикасының нарығында бөлшек сауда арналары арқылы энергетикалық сусындарды сату көлемі бағаның айтарлықтай өсуіне қарамастан, 2021 жылмен салыстырғанда 25%-ға артқан.

Ал 2017 жылмен салыстырғанда энергетикалық сусындарды сату көлемінің өсуі 198%-ды құраған. 2017 жылғы 61,7 мың тоннадан 2022 жылы 184 мың тоннаға дейін ұлғайған.

Ең қорқынышты статистика тек бір Алматы қаласының халқы жыл сайын 9 млн литр энегретик тұтынады екен.

«Алматы бойынша жыл сайын шамамен 9 млн литр түрлі энергетиктер сатылады. Күніне 50 мың банка ішіледі. Жыл сайын мұндай сусындардың сатылымы сұрыптары мен ассортиментіне байланысты 30-40% өседі. Олар үнемі жаңа аудиторияны тартады. Ағза осылайша біртіндеп энергияны «арзан» жолмен толықтыруға үйреніп, сусынды тұтынуды күнделікті қажеттілікке (тәуелділікке) айналдырады», – деп түсіндірілген құжатта.

Осындай теріс әсерлерін ескере келе кейбір елдер мен ұйымдар энергетикалық сусындар сатуға тыйым салған.

Шетел тәжірибесі

Францияда 2020 жылдан бері мектеп асханалары мен білім мекемелерінде орналасқан автоматтарда энергетик сатуға тыйым салынады. Тыйым балалардың денсаулығын сақтау және дұрыс тамақтануды қолдау мақсатында енгізілген.

Ұлыбританияда жалпы тыйым салынбағанымен, үкіметі мұндай сусындарды мектеп асханаларында және мектептерде орналасқан автоматтарда сатуға тыйым салуды ұсынады. Кейбір мектептер осы нұсқауларды өз еркімен орындап жүр.

Норвегияда 2019 жылдан бастап 18 жасқа толмаған адамдарға арналған дүкендер мен автоматтандырылған машиналарда мұндай сусындар сатуға тыйым салынған. Литвада да 18 жастан асқан балаларға энергетикалық сусындар сатылмайды. Тыйым салуға семіздік пен қантты шамадан тыс тұтыну жағдайлары себеп болған. Ал Шотландияда 2018 жылдан бері 16 жасқа толмаған балалар энергетикалық сусын сатып ала алмайды. Чилиде 2014 жылы мектептер мен балалар мекемелерінде ЭС сатуға тыйым салынған. Мұндай орындарда оның жарнамасын жүргізуге шектеу енгізілген.

Елдегі жағдайды реттеу үшін Денсаулық министрлігі энергетикалық сусындарды сатушының қатысуынсыз сауда автоматтар (вендингтік апараттар), өзге де электрондық немесе механикалық құрылғылар арқылы сатуға тыйым салуды енгізуді көздеп отыр.

Егер тыйым салынса, 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусындарды сатқан жеке тұлғаларға – 15, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 25, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін.