Halyk finance есебі: қаңтарда банктердің несиелер портфелі мен депозиттері қысқарған
Осы жылдың қаңтар айының соңына қарай банк секторы активтерінің, оның ішінде банктердің несиелер портфелі мен депозиттері қысқарған. Бұл жайлы Halyk finance есебінде жазылған.
Жалпы, несие берудің теріс динамикасына корпоративтік несиелеу көлемінің төмендеуі әсер еткен. Бірақ соған қарамастан, бөлшек сектор 2023 жылға қарағанда баяу қарқынмен болса да өсуді жалғастырған.
Halyk finance есебіне сенсек, банктердің несиелік портфельдерінің сапасы нашарлаған. Атап айтқанда мерзімі 30 күннен асатын және NPL90+ мерзімі өткен кредиттердің үлесі артып, көлемі де өскен. Осы тұста жұмыс істемейтін кредиттердің қамтылу деңгейінің төмендегенін атап өту керек.
2023 жылдың соңындағы маусымдық қарқынды өсімнен кейін қаңтарда жеке және заңды тұлғалардың депозиттік портфелі де қысқарған. Валюта бойынша осыған ұқсас динамика байқалған. Атап айтқанда теңгедегі және шетел валютасындағы депозиттер көлемі төмендеген. Сондай-ақ халық депозиттерінің долларлану деңгейінің төмендеуі жалғаса түскен. Ал жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері бойынша мөлшерлемелер неғұрлым икемді реттеле бастағандықтан, жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі аздап болса өсім көрсеткен.
Ал банктен тыс заңды тұлғалардың депозиттері, керісінше, төмендеген. Шетел валютасындағы депозиттер бойынша корпоративтік және бөлшек сегменттердегі мөлшерлемелер бұрынғы деңгейінде қалып отыр. Капитал жеткіліктілігінің деңгейі заңмен белгіленген нормативтерден асып түсуде, бұл 2023 жылға арналған тұрақты AQR нәтижелерімен расталып отыр.
Сонымен бірге есепте, 2024 жылдан бастап қызметінде анықталмаған тәуекелдер бар банктер үшін жеке капиталға резервтер белгілеу кезінде SREP нәтижелері мен тұрақты AQR нәтижелері ескерілетіні жазылған.
S&P болжамына сәйкес, биыл бөлшек несиелердің негізгі бөлігін құрайтын ипотекалық және кепілсіз тұтынушылық несиелердің өсу қарқыны қалыпты болады. Оған мемлекеттік қолдаудың төмендеуі, ипотекаға сұраныс пен реттеушінің шектеулері тікелей әсер етпек.
Бұл ретте несиелер бойынша ықтимал шығындарға арналған резервтердің құны төмен болып қала береді, ол орташа несие портфелінің 1,3-1,5%-ын құрайды.
«Жалпы, біз бөлшек несиелеудің және әсіресе тұтынушылық несиелеудің өсу қарқыны төмендейтінімен келісеміз, дегенмен, біздің ойымызша, олар әлі де екі таңбалы болады. Біз 2024 жылдың соңына қарай жеке несиелендірудің 15%-ға өсуін күтеміз», – дейді сарапшылар.
Банк секторының активтері
Банк секторының активтеріне тоқталар болсақ, есепте осы жылдың қаңтар айының соңында коммерциялық банктердің активтері 0,7%-ға азайып, 51 061 млрд теңгеге дейін төмендегені жазылған. Ал өткен жылдың желтоқсанында олар 4,6%-ға өскен болатын. Бұл ретте банктердің бағалы қағаздар портфелі 1,6%-ға қысқарып, 10 669 млрд теңгеге дейін төмендеген. Өтімді активтер 1,4%-ға өсіп, 18 754 млрд теңгеге жеткен. Банк секторының жалпы активтерінің құрылымындағы өтімді активтердің үлесі өсіп 36,7%-ды құраған. Ал желтоқсан айында бұл көрсеткіш 36% болған.
Корпоративтік несиелеу қысқарған. Қаңтарда банктердің несие портфелі 0,3% а/а қысқарып, 29,700 млрд теңгеге дейін түскен. Несие портфеліне заңды тұлғаларға берілетін несие көлемінің 2,2% а/а төмендеуі әсер еткен. Бұл ретте жеке тұлғаларға несие беру көлемі өсіп, 1,1% а/а құраған. Несие портфелі ұлттық валютадағы несиелеу көлемінің 0,1% а/а төмендеуімен байланысты болған. Ал шетел валютасындағы несиелеу көлемі 2,8% а/а төмендеп отыр. Банк несиелерінің жиынтық портфеліндегі заңды тұлғалар портфелінің үлесі төмендеп, 43,2%-ды құраған. Жаңа несиелер бойынша орташа алынған ставкалар желтоқсандағы 16,2%-дан қаңтарда 19,1%-ға дейін өскен. Сондай-ақ заңды тұлғаларға берілген несиелер бойынша мөлшерлемелердің 18,4%-ға, жеке тұлғаларға берілген несиелер бойынша мөлшерлемелердің 19,8%-ға өскені байқалды.
Ал жұмыс істемейтін қарыздардың үлесі (NPL90+) 2024 жылғы қаңтардың соңындағы жағдай бойынша 2,9%-дан 3%-ға дейін, ал мерзімі 30 күннен асқан несиелер үлесі желтоқсандағы 3,7%-пайыздан 3,9%-ға артқан. Бұл ретте мерзімі өткен несиелер портфелі 30 күннен асқан несиелер көлемі 3,6%-ға артып, 132 млрд теңге болған. Ал NPL90+ портфелі 2,8%-ға ұлғайып, оның көлемі 888 млрд теңгеге жеткен. Жұмыс істемейтін несиелерді қамту деңгейі желтоқсандағы 195,9%-дан қаңтардағы 193,9%-ға дейін төмендеген.
Банк секторының кірісі артқан
Есепте банк секторының кірісі артқаны жазылған. 2024 жылдың басынан бері барлық коммерциялық банктің пайдасы артып, 198 млрд теңге болды. Қаңтар айында банк секторының таза пайыздық кірісі 266 млрд теңгені (ж/ж +31,3%) құраған. Ал таза комиссиялық кірісі 56 млрд теңгені (+6.6% ж/ж) құраған. Провизиялар резервтерін қалпына келтіруден түскен кірістер есепті кезеңде 10,4%-ға өсіп, 111 млрд теңгені құрады.
Қаңтар айында банк секторының жиынтық капиталы 3,5%-ға ұлғайып, 7 105 млрд теңгені құраған. Бірінші деңгейдегі барлық банктерде капитал өскен. Оның көрсеткіштері 0,2%-дан 8,9%-ға дейін ауытқып, 0,4 млрд теңгеден 60 млрд теңгеге дейін өскен. Екінші деңгейдегі барлық банктің капиталы өскен.
Капиталдың айтарлықтай өсімі Шинхан банкте +4,6%, 2,1 млрд теңге көлемінде тіркелген. Altyn Bank +3,4%, 4 млрд теңге, Нұрбанкте +3,3%, 1,9 млрд теңге, Алматыдағы Қытайдың коммерциялық және өнеркәсіптік банкінде +2,8% а/а, 1,8 млрд теңге, Қазақстандағы Қытай Банкінде +1,9% а/а, 1,9 млрд теңге, сондай-ақ КЗИ банкте +1,8% а/а, 1,3 млрд теңге болған.
Бұл ретте, 2024 жылғы қаңтардың аяғында банк секторының негізгі капиталының жеткіліктілік коэффициенті 19,3% құраған. Ал меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті 21,5% құраған. Бұл заңнамада белгіленген нормалардан артық әрі банктердің ықтимал тәуекелдерді жабуын қамтамасыз етеді. Сектордың меншікті капиталының кірістілігі (ROAE) қаңтарда 39,8%-ға (желтоқсанда 36,1%) жетті. Активтердің кірістілігі (ROAA) 4,7%-ға (желтоқсанда 4,6%) өскен.