Ұлттық Банк мессенджерлер арқылы жасалатын алаяқтық жиілеп кеткенін ескертті
Ұлттық Банк алаяқтық жиілеп кеткенін ескертеді. Алаяқтар өзінің «құзыретін» дәлелдеу үшін жалған құжат көрсетеді.
Ұлттық банктің хабарлауынша, алаяқтар азаматтарды үш түрлі тәсілмен алдап жүр. Біріншісі, өзін Ұлттық Банк қызметкері ретінде таныстырады. Сонымен бірге өзін «құқық қорғау немесе арнайы органдардың қызметкерлері» деп те атайды.
«Арнайы операция» немесе тексеру жүргізуді сылтау еткен алаяқтар іс-әрекетінің заңды екенін растау үшін қоңырау желісін «арнайы және құқық қорғау органдарының, Ұлттық Банк қызметкерлеріне» жалғайды. Жалған қызметтік куәліктерді, нұсқаулықтары бар хаттарды, сондай-ақ «қаражатты сақтандыру» және банк аударымдарын жүзеге асыру туралы деректемелерді жібереді, – делінген хабарламада.
Мұндай құжаттарда көбіне несие қарызы немесе оның өтелуі, сондай-ақ қаражат айналымы туралы егжей-тегжейлі ақпарат болады. Қосымша құжаттарда Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының «уәкілетті тұлғаларының» қолы, аты-жөні, мөрі және басқа да растайтын деректер көрсетіледі.
Екіншісі, алаяқтар WhatsApp мессенджеріндегі профильдерді «бұзып», алаяқтық жасау үшін пайдаланады. Мессенджерді «бұзу» үшін олар ұтыс ойындары, әлеуметтік маңызы бар тақырыптар туралы сауалнама, дауыс беру сияқты түрлі сылтаумен таратылатын қауіпті сілтемелер жібереді. Хабарламаны алған адам сілтемені басқан кезде, алаяқтар WhatsApp мессенджеріндегі профильді иемденіп алады.
Әрі қарай алаяқтар профиль иесінің атынан оның туысынан, танысынан, досынан немесе әріптесінен қарызға ақша сұрайды. Қаржыны банк картасына немесе үшінші тұлғаның шотына аударуды сұрап, жаппай хабарлама таратады, – делінген хабарламада.
Үшіншісі, алаяқтар мобильді банкинг арқылы ойдан шығарылған тауарды сатып, салық (қызмет) төлеп немесе банк шотына шектеу қойып ақшаны онлайн ұрлайды. Бұл хабарламалар «электронды тұзақ» болып шығады. Айтылған шотқа өткен кезде, мобильді қосымшадағы шоттан ақша ұрланады.
«ҚазМұнайГаз» компаниясының» атын пайдаланып, алаяқтық жасау
Айта кетейік, Алматы қаласы Медеу ауданының прокуратурасы әлеуметтік желілерде «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының» атын пайдаланып, алаяқтық жасап жүрген адамдар жайлы ескерткен еді.
«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның инвестициялық бағдарламасы туралы жалған жарнаманы анықтады. Бейнежазбада азаматтарға іске қосылған жаңа мемлекеттік «ҚазМұнайГаз» платформасына қаржы салып, 100 мың теңгеден дивиденд алуды ұсынады. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның мәліметіне сәйкес таратылған ақпарат шындыққа жанаспайды», – делінген қалалық прокуратура хабарламасында.
Алаяқтар 97 миллиард теңге жымқырған
Еске салайық, 2023 жылғы қаңтар-қараша қорытындысы бойынша, елімізде алаяқтар 97 миллиард теңгеге жуық қаржыны жымқырған.
Былтырғы қаңтар-қараша айларында елімізде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде «Алаяқтық» бабы бойынша 40,8 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді.
Мұндай құқық бұзушылықтардың жартысына жуығы интернет-алаяқтыққа қатысты: 19,9 мың жағдай, жылдық өсім — 5,8%. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде төлем карталарын пайдалана отырып (267 жағдай), кредит беру саласында (53 жағдай), ақшалай қаражатты қарызға алу жолымен (41 жағдай) және т.б. алаяқтық әрекеттер тіркелген.